«Жайлы мектеп» жобасының жайы

2025 жылға дейін жоспарланған ұлттық жоба аясында 401 жайлы мектеп салынуы керек. Соның 226-сы биыл, қалғаны келесі жылдың соңына дейін ашылады.

Құрылыс жұмыстарына отандық өндірушілерді тарту сәтті шешім болғандай. Мамандардың есебінше, 401 мектепті жабдықтауға 1,5 млн жиһаз қажет екен. Тауар өндірушілер де онымен толық қамтуға дайын екенін жеткізген.

Ғабит Малғаздаров, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- «Samruk-Kazyna Construction» отандық тауар өндірушілерді қолдауға міндеттеме алады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы республикалық бюджет және Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқанын жақсы білесіздер. Сондықтан бұл қаржы ел экономикасына жұмыс істеуі керек. Біз мұны толығымен қолдаймыз. «Samruk-Kazyna», «Атамекен» палатасы тізіліміне енген және СТ-KZ сертификаты бар отандық тауар өндірушілерден ғана жиһаз өнімдерін сатып алуы керектігі нақты белгіленген.

Иә, «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасына таяуда өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сай жаңа мектептерді салуға және ашуға республикалық бюджеттен, сондай-ақ Ұлттық қордан жұмсалатын шығындар қысқартылды. Сөйтіп, жобаны қаржыландырудың жалпы сомасы 2,6 трлн теңге емес, 2,4 трлн теңге болды. 

«Жайлы мектеп» жобасына бөлінген қаражат:

2023  – 499 999 715 мың тг 

2024  – 976 394 636 мың тг

2025 – 909 439 389 мың тг

Бұл қаражат жаңа жайлы мектептер салуға ғана емес, пайдалануға берілген білім ошақтарын күтіп ұстауға да жұмсалады.

Ал білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының арнайы шотына жемқорлардан қайтарылған 151,9 млрд теңге түскен. Оның 96,5 млрд-ына 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды.

Қазір елдегі 112 білім ошағында оқушылар үш ауысымда оқып жатыр. Оның көбі Алматы, Маңғыстау, Атырау облыстарында. 45 мектеп апаттық жағдайда. Салдарынан 260 мың балаға орын жетіспейді. Ал жаңа мектептер 300-ден 2500 орынға дейін лайықталған.

Жайық Мақсұтов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инвестициялық жобалар басқармасының басшысы:

- «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының мақсаты - үш ауысымдық және апатты мектептер мәселесін шешу. Біздің жоспарымызға сай, 2025 жылдың соңына дейін 740 мың орындық білім ошақтары пайда болады. Қазірдің өзінде 461 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы басталды. Жергілікті әкімдіктер жер мәселесін, инженерлік-коммуникациямен қамту жайын шешіп берді.

Елдегі «Жайлы мектептерді» 118 құрылыс компаниясы салады. Мектеп салу барысында елде 53,5 мың уақытша және 42 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Иә, білім саласындағы түйткілдер шешіліп келеді. Жоспар да, жоба да көп. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы солардың бірегейі болмақ.