Қаракөлдегі жағдайға орай карантин енгізілмейді
Маңғыстау облысында Қаракөлдегі жағдайға орай карантин шаралары енгізілмейді.
Жасанды су қоймасында аққулардың жаппай қырылу себебін зерттеген мамандар осындай тұжырымға келді. Өткен айда Қаракөлге ұшып келген аққулардың құс тұмауын жұқтырғаны туралы бұған дейін ресми ақпар жарияланған болатын. Бүгінгі күнге өлген құс саны 870-ке жетті. Оларды жою жұмыстары әлі де жалғасуда. Осы аптада Атыраудан Ақтауға автокөлікке орнатылған крематорий пеші жеткізіледі деп жоспарланған. Көл жағасынан өлі күйде табылған құстар енді сонда өртеледі.
Айта кетсек, аймақта үй құстарына жұқпалы дерттің таралу дерегі тіркелген жоқ. Өткен жылы облыста 6 мыңнан аса қанаттылар егілген. Жуырда тағы қосымша 9400 доза вакцина келуі тиіс.
Ғаббас Досатов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
- 10 қаңтар күнгі жағдай бойынша көлде 87 мыңның үстінде құс бар қазіргі таңда. Оның ішінде 43 мың 600-і сыбырлақ аққу. Бұл аққу Қазақстанның қызыл кітабына кірмеген. Мына құс тұмауы әлсіз, ауру, иммунитет төмен құстарға жұғады. Денсаулығы жақсы, дұрыс май жинаған құстарға жұқпайды. Кешегі өліп жатқан аққулардың біздің пайымдауымызша, 90 пайызға жуығы балапандары. Олар Қаракөлге бірінші келіп жатыр миграциямен. Бірінші қыстауы, алғашқы адаптациядан өтіп жатыр.