Алматыда жазушылар Қ. Тоқаевтың мақаласын талқылады
Алматыдағы Жазушылар одағында қаламгерлер бас қосып, Президенттің «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан сұхбатын талқылады.
Қаламгерлердің пікірінше, Мемлекет басшысының сұхбаты қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелерге жауап беріп, алдағы жоспарды айқындап отыр.
Сондай-ақ Президент өз сөзінде: «Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен және дарақылықтан сақтанумыз керек», - деді. Бұл ретте руханият шырақшысы саналатын жазушылардың атқарар ролі ерекше болмақ. Ақын-жазушылардың айтуынша, мемлекеттің мәдениет саласына назары айрықша. Өткен жылдан бастап қайта беріле бастаған «Қазақстанның халық жазушысы» атағына алты қаламгер ие болды. Айта кетейік, биыл Қазақстан Жазушылар Одағы мен оның қарамағындағы «Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл толып отыр. Осыған орай бірқатар шара қолға алынады.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
- Біздің әдебиетке көптеген жақсылық жасалып жатыр. Жыл сайын «Айбоз» сыйлығы әр номинациядан он шақты адам 5 млн астам сыйлық алады. Жастар премиясының сыйлығын 4-5 адам алып жатыр. Балалалар әдебиетіне көзқарас өзгерді. Биыл алты адам Қазақстанның халық жазушысы атағын алды. Оның бәрі адамға стимул ғой. Оларға ертең еліктеп адамдар шығатынына мен ешқандай күмән келтірмеймін. Қазақ өте талантты халық.