Аралда мұз қатқан жоқ

Қаңтарды орталадық. Қар түсті, аяз болды, жер қатты демеңіз. Мұз жұқа.

Иә, көлдің орта тұсы қатса да, шеті бусанып жатады. Ал өзеннің беті мұз болғанмен, асты ағыс, кез келген уақытта шытынауы мүмкін. Солтүстіктің өзінде мұздың қалыңдығы әлі 15-20 сантиметр ғана екен. Өзен-көлді айттық, ал Арал теңізінің маңы не күйде екен?

Қызылорда облысында қыс жылы қабақ танытып тұр. Желтоқсанда жаумаған қар қаңтарда аздап қылаулады. Аяз болмағасын өзен-көлдердегі мұз жұқа. Ал Арал теңізіне мұз толық қатпаған.  

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Кейбір көлдерде мұздың қалыңдығы 15-20 сантиметрге жеткен. Дегенмен мынадай жарықтар өте көп. Сондықтан жол талғамайтын көлік тұрмақ, жеңіл мотоциклмен мұздың үстіне шығу өте қауіпті, - дейді мамандар.

Бірер күн бұрын Арал маңына жаңбыр жауды. Ауа райының мұндай құбылысы мұздың беріктігіне теріс әсер етеді. Осыған орай балық қабылдайтын кәсіпорындар әзірге су маржандарын сүзуді тоқтатты. Алайда өмірге төнген қауіп-қатерге қарамастан, кейбір балықшылар ескертуді елемейді, - дейді құтқарушылар.

Елдос Жиенәлиев, Қамыстыбас құтқару бөлімшесінің басшысы:

- 2 апта бұрын Ақшатау елді мекенінде қайғылы жағдай орын алды. Мотоциклмен 2 адам балыққа шығып, мұз ойылып, оның біреуі аман қалып, біреуі суға батып кетті. Біздің сүңгуір жігіттер басына барды. Сол кезде ол мұзға жабысып қалған екен. Мұздың астынан шықты ғой.

Табиғат қорғаушы инспекторлар мен құтқарушылар күн сайын су айдындарының жағасында рейд жүргізеді. Бұл шараларға 10-нан астам техника мен 20-ға жуық маман жұмылады. Олар жадынама парақшалар таратып, заңсыз әрекеттерге тосқауыл болып жүр.

Есенбай Есіркепов, Арал балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:

- Өткен жылы 300 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, әкімшілік хаттама толтырылып, оның 57-сі Арал ауданының сотына жолданды. 4 миллион 140 мың теңге әкімшілік айппұл салынып, жануарлар дүниесіне келтірілген 4 миллион 127 мың теңге шығын талап етілген. Оның 94%-і орындалып тұр. Әкімшілік айыппұлдан 99%-і өндірілді.

«Өңірде қаңтардың екінші және үшінші онкүндігінде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады деп болжанып отыр. Сондықтан мұз үстіне шығу қауіпі жақын күндері сейіле қоймайды», - дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.