Елімізде тақтайдай тегіс 9 мың шақырым жол салынады

Ғалымдар суперасфальт технологиясын өндіріске енгізбек, деп хабарлайды 24KZ. Ол қандай жоба?

2030 жылға дейін 9 мың шақырым жол саламыз. Оның 4,7 мың шақырымы республикалық, 4,5 мыңы облыстық маңызға ие. Биылдыққа 3100 шақырым жол жөнделеді. Ақтөбе мен Ұлғайсын, Қарағанды мен Жезқазған арасында жаңа жоба қолға алынады.

Асылбек Шалибеков, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Сыртқы қарыздар департаменті директоры орынбасары:

- Жылды қорытындылай кетсек, бізде 2023 жылы 856 шақырым жол пайдалануға берілді. Сондай-ақ 2023 жылы 5 млн тонна жуық асфальтбетон жолға төселді. Ағымдағы жылға келіп тоқтайтын болсақ, ағымдағы жылы 3100 шақырым жол қамтылып жатыр, оның ішінде жыл соңына қарай 2000 шақырымды пайдалануға беру жоспарланып тұр.

Жолды салудай-ақ саламыз. Бірақ бәрі бірдей сапалы дей алмаймыз. Былтыр ұлттық сапа орталығы 11 мыңнан астам жол жөндеу нысандарын тексерген. Соның 4 мыңнан астам нысанынан ақау тапты. 

Елдар Әбенов, ҚР КМ «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» өндірістік-техникалық бөлім басшысы:

- 85% сәйкесті жергілікті жолдарда анықталып жатыр. Атап өткенде, 1300 ақау аудандық жолдарда, 800-ден астам ақау жол көше жөндеу объектілерінде және 500-ден астамы облыстық жолдарда анықталып отыр. Ақаулықтарға жол берген 8 техникалық қадағалаушының аттестаты тоқтатылды. Жалпы алғанда 55 млн теңгеден астам қаражатқа айыппұл салынды.

Жол төсемі берік болса дейсің. Ғалымдар да ізденіп жатыр. Бұған дейін асфальтбетон еліміздің барлық аймағына бірдей төселіп келді. Енді ғалымдар жолды өңірлердегі климат ерекшеліктеріне бейімдеуді ұсынады. Яғни, солтүстікте суыққа, оңтүстікте ыстыққа төзімді болуға тиіс.

Марат Қонқақов, ENU-LAB ғылыми өндірістік орталығының директоры:

- Битум қоспасы әр облыстың ауа райына сәйкес жасалады. Бірегей аспаптардың көмегімен асфальттың ескіру үрдісі имитацияланатын сынақтар жүргізіледі. Үлгіні зертханада сынау кезінде нормаларға сәйкес келсе, осындай нәтижелер жолды нақты пайдалану кезінде де қолданылмақ.

Қазір осы жоба бойынша біздің елде Еуропа мен Азия ғалымдары бірлесе зерттеу жүргізіп жатыр. Сәтін салса, шетелдік суперасфальт технологиясы өндіріске енеді.

Авторлары: Әлішер Әли, Қанат Махмутов, Ырыстанбек Оспанов.