Сырдарияға аққулар оралды
Түркістан облысындағы Сырдария өзеніне аққулардың тағы бір легі ұшып келді, деп хабарлайды 24KZ.
Өңірлік парк қызметкерлерінің пайымынша, қанаттылар солтүстік аймақтар мен Ресейден келген болуы мүмкін. Себебі облыста қаңтардың қытымыр аязына қарағанда жайма-шуақ күн райы сақталып отыр. Сол себепті өзен-көлдердің бетіне мұз қата қойған жоқ. Керісінше, азық қоры мол саналады.
Мамандар сұлулықтың символы болған аққулар мен бірқазан құстарының жұмыртқалағанын да байқағанын айтады. Сонымен қатар биылғы қыстың жылы болуына байланысты бәйшешек гүлдеп, көктемнің көркін кіргізіп жатыр. Мамандар да қаңтардың онкүндігінде гүлдердің жайқалуын ерекше құбылысқа балап отыр.
Бақыт Мұсалиев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
- Біздің облыстың бір қасиеті, су қоймаларымыздың сыйымдылығына қарай. Су қоймаға қанша құс сыйып, азықтана алады? Сонша құс қалады. Соның ішінде аққу құстары да. Осы уақытқа дейін ешқандай ауру байқалған емес. Қанша құс жұмыртқаға отырды? Қалай жүр? Оларға биотехникалық шаралар қалай істелді? Бақылау жұмыстарын жүргізген кезде аққу құсын да, бірқазанды да көп байқаймыз су бетінде.