Сарышұнақ аяз басталды
Синоптиктердің болжамынша, қаңтардың ортасы мен соңында Қазақстанда ауа райы жиі құбылады.
Аяз қысып, қалың қар жаууы мүмкін. Қыс қаһарына мінеді.
Мұны этнографтар да қуаттайды. Себебі байырғы танымға салсақ, нағыз сарышұнақ аяз осы кезде болады. Бабам қазақ ауа райына алдын-ала болжам жасап, табиғат құбылыстарын бір ауыз сөзбен сипаттап кеткен.
Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «декабрьдің 19-ы қыс шілдесі басталып, ғиянуардың 28-де қыс шілдесі жоғалады» деген жазбасы бар.
Жазушы Кәмел Жүністегі де жыл он екі ай амалдарын сипаттап, біраз дүние жазып кеткен адам. Сол кісінің еңбектерінде «17-27 қаңтар аралығында сары аяз болады. Бұл Қыс шілдесі деп те аталады. Аяздың нағыз шарықтау шегі осы» делінген.
«Жаз шілдесі шықпай, аптап басылмайды, қыс шілдесі шықпай, аяздың беті қайтпайды». Қазақ күн райын бір ауыз сөзбен осылай болжап, айтып қойыпты. Яғни, қыстың да қырық күн шілдесі бар. Жұрт та осы қырық күннің алды-артын бағып, шаруасын осыған ыңғайлайды.
Төрехан Майбас, этнограф:
- Ең әуелі қыс тоқсанды айту керек. Қыс тоқсан – бұрынғы ақпан айы, қазіргіше желтоқсан айының 13-інде кіреді. Бұл кезде ата-бабаларымыз соғым сойған.
Желтоқсанда қырбастың қызылшұнағы әбігерге салса, қаңтарда қыс күшіне мініп, түкірік жерге түспейтін суық болады. Мұны саршұнақ аяз дейді этнограф.
Төрехан Майбас, этнограф:
- Бұл аязымыз өте қатты сақылдаған аяздар болады. Бұл аяздарды қазақтар сарышұнақ аяз деген. Оның уытын сарымен алады, - дейді. Сары дегеніміз не десе, бұл – кәдімгі жылқының майы. Жаңағы домбықпас үшін, суыққа ұрынып қалмас үшін, аязға қарылып қалмас үшін денелеріне жылқының майын жаққан. Осыдан барып «сарышұнақ аяздың бетін сары алады» деген сөз қалған.
Бұл уақытта малды да, жанды да қыс аязы қаңтарып қояды. Үлкендерден естігенін қағазға түсірген Өмірзақ Мәуленбайұлының айтуынша, бұрынғы есепшілер қаңтарды 3-тің айы деп атаған. Әр ай туған сайын жаңа амал кіреді-мыс.
Өмірзақ Мәуленбайұлы, жылқышы:
- Ақпан деген амал екен. Мынау 3 айдың 10-ында кіріп, 15-інде шығады. «Ақпан-тақпан алты күн, айғай салған қатты күн, ақпан мырза адасып кетіп, ел іздеп тапты күн» деген. Мұны біздің атамыз айтып отыратын, әкеміз айтып отыратын. Ол кісілер көне амалмен жүріп отыратын. Мына 3-тің айы туды. 3 айының 15 шығатын «Ақпан» деген амал.
Сарышұнақ аяз енді басталды. Арқаны ғана емес, біраз өңірді қамтып тұр.
Мақпал Ботаева, «Қазгидромет» РМК-ның инженер-синоптигі:
- Консультативтік болжамға сәйкес 2024 жылғы қаңтардың екінші және үшінші онкүндіктерінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райының жиі өзгеруі күтіледі, аязды күндермен қатар циклондар мен атмосфералық фронттардың өтуі жиілеп, нәтижесінде қар жауады. ҚР оңтүстік жартысында жауын-шашын, бұрқасын күтіледі. Ауа массаларының өзгеруімен көктайғақ құбылыстары, тұман байқалады.
Табиғаттың тамыршысы қазекең әр мезгілдегі амалдың атын атап, түсін түстеп қойған. Ал «қыс қатты болса, жаз жайлы болады» дейді. Ақпан шалдың қабағы қатулы болғанымен, көп ұзамай үзіктен сәуле түсіп, үт кіреді.
Авторы: Зарина Кәп.