Ақмола облысында жас дәрігерлерге ₸5 млн төленеді
Ақмола облысында биылдан бастап жас дәрігерлерге төленетін көтермеақы көлемі екі есе ұлғайды, деп хабарлайды 24KZ.
Мәселен, ауылдық жерге баратын маманға 5 млн теңге төленеді. Ал қалалық ауруханаға орналасқандар 2,5 млн теңгеден алады.
Бұл – аймақтағы дәрігер тапшылығын шешудің бір амалы. Қазір өңірде 200-ге жуық медицина маманы жетіспейді.
Қымбат Пішенбаева жұмысқа өткен жылдың соңында орналасқан. Жас маман қазір қала іргесіндегі Красный яр ауылында жұмыс істейді. Ол алғашқылардың бірі болып көтермеақы алады. Қазір қажетті құжаттарын әзірлеп жатыр.
Қымбат Пішенбаева, дәрігер:
- Ауылда жұмыс істеу, әрине, қиындау. Себебі көп мамандар жетіспегесін, жұмысын еселене түседі. Мысалға, мен қазір 2 учаскеде қызмет атқарамын. Бірақ ауылға келген мамандарға мемлекет тарапынан қолдау зор. Қазіргі уақытта мен көтермеақы алуға құжаттар жинап жатырмын.
Осыған дейін аймаққа жас мамандар көбіне басқа қалалардан келетін. Ал қазір болашақ дәрігерлер облыс орталығында да оқытылады. Былтыр алғашқы 123 түлек бітіріп шықты. Жалпы қазір жоғары медицина мектебінде 800-ге жуық бала білім алады.
Сүндет Жұмаділдаев, студент:
- Ақмола облысында болашақта оқуымды бітіргесін жұмыс істейміз. Бізді арнайы жібереді ғой. Елге елеулі, жұртқа қалаулы болып, дәрігер қызметін атқарамын.
Светлана Мұратбекова, «Ualikhanov University» КЕАҚ жоғары медицина мектебінің директоры:
- Кадр мәселесін тез арада шешу әзірге мүмкін емес. Себебі біз қазір тек жалпы тәжірибелік дәрігерлерді даярлап шығарамыз. Ол тек ауылдық жерлерлердегі медициналық пунктерді қызмет атқарады. Ал мамандандырылған кәсіби тәжірибелі дәрігер дайындауға шамамен 9 жылдай уақыт кетеді.
Жалпы жыл санап аймақтағы дәрігер тапшылығы шешіліп келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында былтыр өңірдегі кадр тапшылығы 22%-ке қысқарды. Ал жұмысқа қабылданған 100-ден астам жас маманның бәрі әлеуметтік қолдауға ие болды.
Нұрлан Ахылбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Былтыр өңірге келген 39 медицина қызметкеріне жергілікті қазынадан жалпы сомасы 13 миллион теңге төленді. Ауылдық жерге барған 29 маманның әрқайсысына 2,5 млн теңгеден берілді. Ал қызметке енді қабылданған 47 жас дәрігерлердің көтерме ақысы үшін 99 млн теңге қарастырылды.
Осы жылы өңірге 26 жас маман келеді деп күтіліп отыр. Оның 22-сі жалпы тәжірибелік дәрігер болса, төртеуі – мамандандырылған кәсіби тәжірибелі дәрігер. Олардың барлығымен келісім жасалған. Жергілікті билік тарапынан жас мамандарға барлық әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.