Шығыста аяз қатты

Ел шығысында ауа райы тосын мінез танытып тұр.

Қар, бұрқасын мен көктайғақ салдарынан мектеп мұғалімдері онлайн сабақ беруге көшті. Ал дәрігерлердің шалғай ауылдардағы науқастарға жетуі қиындап кетті. Бір апта ішінде областық және республикалық маңызы бар жолдар 28 рет жабылды. Сала мамандары қатынасты қалпына келтіруге күндіз-түні тырысып жатыр. Дегенмен Марқакөл секілді шекаралас аймақта орналасқан ауылдарға медициналық топ,  жол аршитын техникамен жарақтанған құтқарушылардың көмегімен аттанды.

Өр Алтайды бұрыннан қоныс еткен тұрғындар биылғы қыс ерекше қаһарлы деп отыр. Қаңтарда жауған жаңбыр Өскемен көшелерін мұз айдынына айналдырса, аудандардағы қар үйіндісі кісі бойынан асып кеткен. Сол себепті де облыс орталығының білікті дәрігерлері алыс ауылдарға құтқарушылармен бірге жолға шықты.    

Жадыра Аманғалиқызы, ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бас маманы:

- Біздің 7 құтқару жасағының қызметкерлері жол талғамайтын осы арнайы көліктермен Марқакөл ауданындағы Төсқайың ауылына кетті. Онда жаңағы сырқат адамға дәрігерлерді жеткізу қажет. Ол жақта қазір қардың мөлшері шамамен 1 жарым метрге дейін жауды деп жатыр. Оған қоса қатты соққан жел, боран.

Шемонаиха ауданында жедел жәрдем бригадасының көлігі арыққа түсіп кетіп, құтқарушылар омбы қардан әрең шығарған. Көктайғақта тізгінге ие болуы өте қиын. Жол тазалаушылар күшейтілген тоқтаусыз жұмыс режиміне көшкенімен трасса қауіпсіз болмай тұр.  

Айдын Нұралдинов, «ҚазАвтоЖол-сервис» мекемесінің бөлім бастығы:

- Кеше жаңбыр жауып, арты қарға араласты, аяз болды. Соған қарамастан, жұмысшылар тәулік бойы жолды тазалап, құм сеуіп жүр. Енді жай күндері 40-45 бірлік қар тазалағыш техника шықса, қазіргі таңда 57 бірлік қар тазалауыш техника шығып жатыр. 

Тракторшы Қаныбек Насылғазин әріптестерімен бірге 5 мың шақырымдық трассаның ашық болуына жауапты. Қарашадан бері бұл аумақты бірнеше рет қалың қар басып қалды. Өңірдің табиғи қатаңдығына қарамай тұрғындардың барыс-келісін үзбеуге жағдай жасайтын жолшылар ең алдымен қатынасты қауіпсіз етуге тырысамыз дейді.     

Қаныбек Насылғазин, механизатор: 

- Демалыс, мейрам деген нәрселер жоқ бізде қазір. Үйде семья бетін анда-санда көреміз. Расын айтқанда, таңертең кетеміз, түннің бір уағына дейін жүреміз. Ұйықтасақ, бір 2-3 сағат демалып ап, қайта шығамыз жолға.

Ержан Аязбаев, жол активтері сапасының ұлттық орталығы ШҚО филиалының директоры:

- Соңғы 10 күнде жолдың бойын 6 рет тексердік. Трасса бетін мұз жапқан. Бұл жол қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Жұмысшыларымыз алғашқы қысты өткеріп жатқан жоқ, барлығы тәжірибелі. Сондықтан тез арада жолды ашуға жұмылдырылады. 

Қазселденқорғау мекемесінің мамандары қар көшкінінің алдын-алу бағытында да қажырлы еңбек етіп жатыр. Қыс қаһарына мінгелі 29 жару жұмысы жүргізіліп, жолды жауып қалуы ықтимал 48 мың текше\метр қар шығарылды. Синоптиктер аяздың жуық арада сынатын түрі жоқ деп отыр. Сондықтан төтенше жағдай қызметінің мамандары шығысқазақстандықтарды алыс сапарға шықпауға шақырады. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов