Энергия тапшылығы мәселесі қалай шешіледі?
2030 жылға қарай елімізде электр энергиясы тапшы болуы мүмкін.
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі айтты. Тапшылық тек қана Қазақстанда емес, Орталық Азия елдерінде де байқалады. Елдегі энергетикалық қауіпсіздік мәселесін ушықтырмау үшін жаңа қуат көздерін іске қосып, қолданыстағы станцияларды жаңғырту қажет.
Қазірдің өзінде елде электр қуаты тапшылығы сезіледі. Ауа райы құбылып, қатты жел, боран соқса, ауылдағы ағайын жарықсыз қалады. Желі тозған, құрылғылар ескі.
Самал Рақыжанова, Шұбар ауылының тұрғыны:
- Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Шұбар ауылынан хабарласып тұрмын. Ауылымыз Астана қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан. Қысы-жазы жел соқса, боран соқса, бізде жарық сөніп қалады. Бұл жолы қатты аяздарда 2 күн, одан кейін тағы бір күн жарықсыз отырдық.
Жылдар бойы қордаланған мәселе күрмеуін шешу қажет. Іс-шаралар ертерек қолға алынбаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін.
Қазір бұл бағытта жоспар пысықталған. Ірі жобалар қолға алынады. Энергетика министрі жиында сол кешенді іс-шараларға тоқталды.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Мұнда шамамен қосымша 26 ГВт жаңа қуаттарды енгізу қарастырылды. Мәселен, жұмыс істеп тұрған электр станцияларын реконструкциялау және кеңейту есебінен қосымша 5,6 ГВт іске қосылады.
Жоспарға сәйкес қуаты 6,7 ГВт жаңа генерация салынады. Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Шымкент қалаларында 2,4 ГВт қуатта газ станциялары бой көтерсе, Жезқазғанда 500 МВт-тық жылу электр орталығы салынады, - деді министр. Сондай-ақ 5 ГВт қуат берер ірі жобалар да іске асырылмақ. Қазір инвесторлармен тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- 30-шы жылдарға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15% үлесіне қол жеткізу мақсатында Total Energies, Acwa Power және Masdar сияқты стратегиялық инвесторлармен ірі жобалар іске асырылады. Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030 жылға қарай оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Басқосуда халықты жылумен қамту мәселесі де сөз болды. Апатты жағдайлардың алдын алып, өткен олқылықтарды қайталауға жол бермеу қажет. Биыл Екібастұз аудандық электрстанциясында бірінші энергия блогы қалпына келтіріледі. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтары салынады.
Дана Әлиева, тілші:
- Министрлік қордаланған мәселелерді шешу үшін жылу энергетикасы туралы заң жобасын әзірледі. Оған сәйкес енді жылу желілерін бақылау функциясы жергілікті әкімдіктен ведомство комитетіне бөлінбек. Ал мониторинг тікелей энергетиканың цифрлық жүйесі арқылы іске асады. Демек бақылау күшейеді.
Осылайша, енді Энергетика министрлігі жылу энергиясын өндіруден бастап, тасымалдауға дейнгі тетіктерді толық бақылайтын болады.
Айта кетейік, қазір елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейді. Оның 144-і жаңартылатын энергия көздерінде. Станциялардағы жабдықтардың орташа тозуы 56% құрайды.
Авторлары: Дана Әлиева, Руслан Алиев.