Электромобильмен жүремін деушілерге жағдай жасалады
Елімізде электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қолға алынады.
Такси тұрақтары, әуежайлар, вокзалдар, ірі сауда және мәдени орталықтар мен алаңдарды қуат беретін станциялармен жабдықтау көзделіп отыр. Ал электромобильге арналған тұраққа өзге көлікті қойғандар үшін айыппұл салынады. Мәжіліс тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Электрден қуат алады, сонысымен экономикалық тиімді. Жанармай тұтынбайтындықтан, экологиялық зардабы аз. Көп функциясы автоматтандырылған, ыңғайлы көлік – электромобиль. Расымен, кейінгі жылдары көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Елімізде электрлі көліктерді танымал ету үшін бірқатар заң нормасы ұсынылды.
Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Электромобиль» және «электрозарядты станция» ұғымдарын енгізу. Коммуналдық ақыы автотұрақтарда электромобиль көлігінің иелері үшін тегін тұрақ орындарын пайдалану. Тұрғын аймақтардағы электрозарядты станцияларды жобалау, орнату және техникалық пайдалану ережелерін әзірлеу бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттілігін анықтау.
Былтыр елдегі электромобильдер 20 млн квт сағат электр қуатын тұтынған. Көлік құралы еселенсе, қуат көзі жетеме?-деген заңды сұрақ туындайды. Жауапты министрлік өкілі айтарлықтай кедергілердің болмайтынына сендірді.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Экономдық электромобильдар болғандықтан сондықтан жалпы біз 112 млрд электроэнергия өндіріп отырып, он есе өскеннің өзінде де бізге ол 200-300 млн квт сағаты жеткілікті болады. Тұрғын үйлердің электр желілері шыдау мәселесін төтенше жағдайлар министрлігімен қарастырып жатырмыз. Қазіргі кезде паркингтарға ондай тез электр зарядтау станцияларын қоюға құқығы жоқ. Баяу зарядтау мәселесі ол түнгі уақытта қойылса қатты әсер етпейтін жағдай бар.
Автотұрақта электр көліктері арнайы қоршалуы тиіс. Бұл өрттен қорғанудың амалы. Электрлі темір тұлпарлардың өрт қауіптілігін жоққа шығаруға болмайды. 2020 жылдан бері елде осындай екі көлік жанып кеткен.
Бауыржан Сыздықов, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:
- Біз екі тәсілді қолданатын боламыз. Біреуі су, екіншісі порошок. Біз өзіміздің өрт сөндіру ережелеріне өзгерістер енгізіп жатырмыз. Біз басқа елдердің де тәжірибесін қарап жатырмыз. Саркофаг сияқты капсулаға енгізу немесе суға енгізу дегендер бар. Біз білуіміз керек жаңағы литий йонды батареялар өзін қалай көрсетеді.
Сондай-ақ, жарамдылық мерзімі аяқталған батареяларды жою немесе қайта кәдеге жаратумен айналысатын инвестор іздестіріліп жатыр. Әзірге елде мұндай қалдықтар жоқ. Алайда болашақта экологиялық қауіпсіздік үшін утилизация зауыты қажет-ақ.
Былтыр әлемде 17 млн электромобиль сатылса, біздің елде кейінгі 12 айдың өзінде олардың саны 9 жарым есе артып, 7793 көлік құралы тіркелді. Алдағы жылы одан арта түсуі мүмкін.