Марқакөлде қалың қардан төтенше жағдай қалыптасты

Биыл шығыс өңірге қар қалың түсті.

Салдарынан Марқакөл ауданында төтенше жағдай қалыптасып отыр. Сондай-ақ Риддер, Алтай қалаларында да қар аршу жұмысы қарқын алды. Аталған аймақтарға адам күшімен бірге арнайы техника жұмылдырылуда. Дегенмен толассыз жауған қалың қар жалғызілікті адамдар мен қарияларға қиындық туғызуда. Қар аршу жұмысына волонтерлер де белсене араласып жатыр. Өз еріктерімен құрылған белсенді топ аулаларды аршып, жалғыз басты қариялардың отын суларын тасып беруді ұйымдастырды.

Бұл Глубокое ауданындағы еріктілерден құралған қар аршушылар. Лаура Нұрқасынова бастаған команда қолда бар құралдарымен қалың қардың қоршауын бұзып жатыр. Құтқарушылар алдымен қар құрсауында қалған жеке үйлердің тұрғындарға жәрдем етуде. 

Сымбат Демесінова, аудандық ТЖБ инженері:

- Қазір біз Глубокое ауданының волонтерлерімен бірлесе отырып, Глубокое ауданының қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі азаматшаның үйіне келіп, қарын тазалап, көмірін кіргізіп, күлін шығарып, осындай көмек көрсеттік. 

Еріктілер көмегіне зәру жандар жеткілікті. Бір ғана аудан орталығында ондаған жек аулалар қар астында қалған. Төтенше жағдай департаментіне көмекке келген белсенді топ күн-түнмен санаспай мұқтаж жандардың қасынан табылуда.

Галина Гусак, Глубокое кентінің тұрғыны:

- Бұл жерде 7-8 адамнан құралған әлеуметтік ұйым жұмыс істеп жатыр. Біздің арамызда балалары басқа елде тұратын жалғызбасты зейнеткрелер баршылық. Сондықтан осындай көмекті ұйымдастырғандарға алғысымыз шексіз.

Қаңтар айының алғашқы аптасында Шығыс өңірге қалыпты нормадан 3 есе артық қар жауды. Қазгидрометтің болжауына сүйенсек, Алтай, Марқакөл метео стансаларында қардың қалыңдығы 90-нан 148 смге жеткені тіркеліпті. Сондықтан марқакөлдіктер үшін жол таңдамайтын көліктер қолайлы болып тұр. Таяуда ғана жас ананы перзентханаға осындай көлікпен жеткізіпті. Құтақарушылар қардың қалыңдығынан 45 шақырымдық жолды 7 сағатта зорға еңсерген.

Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

- Марқакөл ауданында қар өте қалың. Қазір барлық күшті табиғи апаттың алдын алуға жұмысап жатырмыз. Біздің құтқарушылар мен волонтерлерден құралған топ көмекке зәру барлық тұрғынды қамтуға тырысып жатыр. 

Қыстың ортасына енді жеттік. Алда ақпан айы бар. Синоптиктердің болжауынша аязды күндердің соңы қалың қарға ұласуы мүмкін. Сондай-ақ тауларда қар көшкінінің қаупі сейілмей тұр. Қазірдің өзінде мамандардың күшімен тау шатқалдарына жиналған 50 мың текше метр қар түсіріліпті.

Арыстанбек Кенже, Вячеслав Ветлугин и Дмитрий Пыхтин