Жаңақорғанда жаңа мектеп ашылды
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 300 орынды мектеп қолданысқа берілді, деп хабарлайды 24KZ.
Осылайша, жаңа ықшам аудан тұрғындары үшін өте өзекті болған мәселе шешімін тапты. Дегенмен ауданда тағы бірнеше мектеп салу жоспарланып отыр.
Бұл – демографиялық көрсеткіштің өсуіне байланысты қолға алынған кешенді шаралар.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Соңғы жылдары Жаңақорған кентінің аумағы кеңейді. Мәселен, мына біз тұрған жаңа ықшам ауданға мыңдаған тұрғын үй қоныстанды. Бірақ білім ошағы болмаған еді. Сондықтан мұндағы оқушылар аудан орталығындағы басқа мектептерге қатынауға мәжбүр болды.
«Мектеп алыс. Балаларым сабаққа уақытылы үлгеру үшін 2 сағат бұрын жолға шығатын еді. Әсіресе қыстың күндері мектепке жету қиын болды», - дейді 3 баланың анасы Гүлнар Дүйсенбаева.
Гүлнар Дүйсенбава, Жаңақорған кентінің тұрғыны:
- Мысалы, 18:30-да бітсе сабақ, түстен кейін, бесінші сынып оқитын қызым үйге жетемін дегенше 7 жарым, 8 болады. Қарындары ашып, шаршап келетін еді. Сол жағының проблемасы шешілгеніне қуанып тұрмыз.
Тиісті талаптарға сай толық жабдықталған жаңа мектепке 300 бала қабылданды. Мұнан бөлек, ауданда биыл тағы 4 білім беру ұйымы ашылады. Олардың қатарында оқушылар үйі, өнер мектебі мен 2 білім ұясы бар.
Бекжан Есенбаев, Жаңақорған аудандық білім бөлімі басшысының м. а.:
- Байкенже ауылындағы 150 орынды мектепті пайдалануға береміз. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша біздің ауданымызда 2 мектеп жүзеге асырылып жатыр. Соның 600 орынды мектеп құрылысы былтыр қазан айында құрылысы басталған болатын. Алдағы жаңа оқу жылында оны пайдалануға беретін боламыз.
Жаңақорған ауданында үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі толық шешілген. Ал облыс бойынша «Жайлы мектеп» жобасы аясында 21 білім ошағы бой көтереді. Былтыр 10 білім ұясының құрылысы басталған болса, биыл 11 мектептің іргетасы қаланады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.