Қостанай облысындағы Станционный ауылына таза су жетті

Қостанай облысындағы Станционный ауылына орталықтандырылған су құбыры тартылды, деп хабарлайды 24KZ.

Кейбір тұрғындар қыраулы қысқа қарамастан орталық жүйе желісін үйлеріне кіргізіп үлгірген. Енді олар шүмектен су ағар сәтті асыға күтіп жүр.

Ауыл шетіндегі бір үйге бас сұқтық. Құбыр желісін ішке енді кіргізген екен. Қысым болмағандықтан, қосымша сорғыш орнатыпты. Алғашқыда қоқыс аралас қара түсті сұйықтық ағып, сосын бірте-бірте ағара бастады. Үй иелері үшін бұл көптен күткен қуаныш еді. 

Любовь Престень, Станционный ауылының тұрғыны:

- Өте қуаныштымын. Осы күнге дейін жолдың арғы бетіндегі көршіміздің құдығынан су тасып іштік. Енді, міне, үйімізге кіріп тұр. Қол жуғыш раковина орнатып алсақ, сосын моншаға су кіргізіп алсақ, бәрі жақсы болады.

Станционный ауылында 500-ден астам үй түтін түтетіп отыр. Әр үйдің тұсында ұңғыма не құдық қазылған. Бірақ суы ішуге жарамсыз, тек техникалық мақсатқа пайдаланады. Міне, сондықтан талай жыл тасымал суға күндері қараған жергілікті жұрттың қазір алдағы күннен үміті зор.

Бауыржан Жақаев, Станционный ауылдық округінің әкімі:

- Ауыл ішіндегі таратушы торап салынып бітті. Қазір үйлердің 40%-іне құбыр жеткізілді. Енді бәріміз соны іске қосу сәтін тосып отырмыз.

Сұрап білсек, орталық желіні іске қосу жұмыстары әлі жалғасып жатыр екен. «Оның бәрін әрі кетсе бір айдың ішінде бітіреміз», - дейді мердігер.

Зейнолла Шәріпов, мердігер:

- Сорғының өзінің «регулировкасы» болмай жатыр. Мынау суды жіберіп, «опрессовка» дейді, соның бәрін жасап, тазартып, содан кейін барып қана «регулировка» жасайды оған. Сол кезде дұрысталады бәрі. Ол енді осы айдың аяғына дейін бітеді ғой. 

Қарабалық ауданында халықты ауызсумен қамту бойынша былтыр бірнеше жоба жүзеге асырылды. Станционный, Новотройцк елді мекендері орталық желіге қосылса, екі ауылда суды тазартып, тарату пунктері орнатылған.

Мейрамбек Ақынов, Қарабалық аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі таңда Боскөл, Лесное, Михайловка жаңағы су тазарту құрылғылары құрылыстары жүріп жатыр. Қаржы көзімен айтқанда, 4 миллиардтай ақша қаралып отыр оған.

Биылға белгіленген осы жобалар жүзеге асса, Қарабалық ауданы тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 79%-тен 90%-ке көтерілмек.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг.