Маңғыстау облысының тұрғыны күнделікті 22 шақырым жүгіреді
Маңғыстау облысында Мұнайлы ауданы тұрғыны Жандос Жұмабаев күн сайын Ақтаудағы жұмысына жүгіріп барады екен.
Оның үйінен қызмет орнына дейінгі арақашықтық – 11 шақырым жол. Яғни, Жандос күнделікті 22 шақырым жүгіреді. Таза ауада 40-50 минут спортпен шұғылданатын желаяқ жігітпен тілшіміз Талғат Исламұлы танысып келді
Жандос Жұмабаев – Басқұдық ауылының тұрғыны. Қысы-жазы көшеде жүгіріп жүргеніне биыл 4-ші жыл екен. Біраз жыл мұнай өндірісінде вахталық кезекпен жұмыс істеген. Былтыр Ақтаудағы мекемеге ауысқанын айтады. Осы аралықта бірде-бір рет кешігіп көрмепті. Күнделікті сағат 6-да ұйқыдан тұрып, жұмысқа жүгіріп жетеді. Таңғы асын ішіп, қызметтік форма киіп, 9-да басталатын қызметіне тас-түйін дайын отырады.
Жандос Жұмабаев, Басқұдық ауылының тұрғыны:
- Қарасам, жақын сияқты да үйге жүгіру. Бір 10 километр. Басында қиындау болды енді, бірақ мен оған дейін де жүгірдім. Сірә, машинам жоқ астымда. Одан да жаяу барып-келгенім дұрыс шығар деп ойладым өзім. Денсаулыққа пайдалы бір жағынан. Бір жағынан үйге жақын. Тек аяқ киімнің жауы демесең.
4 баланың әкесі осылайша таксиге мінуден бас тартып, салауатты өмір салтымен шұғылданып келеді. Бір айта кетерлігі, Жандос өңірдің кәсіби желаяқтар клубына мүше. Мұндағы дайындық аптасына 3 күн таза ауада өтеді. Кейбір кезде ол жаттықтырушыға көмектесіп, жүгіруді енді бастаған азаматтарды спортқа баулып жүр.
Иван Кириченко, жүгіру спортының жаттықтырушысы:
- Жандос – жүгіруден алдына жан салмайтын спортшының бірі. Алғаш танысқан кезімде оның спортқа деген ынтасына таңғалдым. Соңғы 2 жылдан аса уақытта жаттығудан мүлдем қалып көрген емес. Тұмау тиіп, сырқаттанып қалған кезімде жаттығуды ол өткізеді.
Желаяқ Жандос 2020 жылдан бері Ақтауда өткен марафондарға тұрақты қатысады. Бір таңғаларлығы, әр кез сайын оның есімі үздік үштіктің қатарында аталады. Ендігі арманы – басқа қалада, тіптен әлем елдерінде жүгіруден өтетін жарысқа қатысу. Жүгірумен жігерін жаныған Жандос қандай қашықтыққа болмасын, жеңісті қолдан бермейтініне сенімді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.