«Ата-анамның көзінше ұратын»: күйеуінен қорлық көрген келіншектің оқиғасы
Жыл басынан бері «102» операторына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 4,5 мыңнан астам хабарлама түскен, деп хабарлайды 24KZ.
Ішкі істер министрлігі осындай мәлімдеме жасады. Бүгінде ведомство отбасылық жанжалдарға қатысты әрбір сигнал бойынша ден қою шараларын қолға алған. Қазір полиция органдарының көмегімен жәбірленуші әйелдер мен балалар арнайы дағдарыс орталықтарына орналастырылып, тиісті жәрдем алып жатыр.
Таңшолпан Керімованың жасы 30-да. 2021 жылы 2 қызын алып, Тараздан Астана қаласына қоныс аударған. Оған себеп те жоқ емес. Бұрынғы күйеуі тыныштық бермеген. Ресми түрде ажырасқан соң да «қыздарын көремін» деп сылтауратып келетін әке әр кездесуде Таңшолпанды соққының астына алады екен. Бүгінде бұрынғы жолдасы елордаға келіп, ұрып-соғуын қоймай отыр. Қос қызын жетектеген келіншек осымен екінші рет дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр.
Таңшолпан Керімова, қала тұрғыны:
- Наурызда бізде той болды. Сол тойдан кейін басталды бізде жанжал. Заң жүзінде 2018-де бізге ажырасуға рұқсат берілді. Сот шығарып берді, ол кезде бір қыз еді, әр сенбі күні 11-ден 4-ке дейін мамасының қатысуымен көруге рұқсат деген. Әр сенбі баланы көріп отырады. Көріп отырып, ұрыс-төбелес шығарады, үйге келіп отырып, шайға, болмайтын нәрсеге. Шай неге мынадай? Неге күлмейсің? Неге дұрыстап амандаспайсың? Сөйлесең – сөйледің, сөйлемесең – сөйлемедің. Қарадың-қарамадың, солай себепсіз ұратын болды ата-анамның көзінше.
Бір жылдың ішінде дағдарыс орталығына шамамен 200-ден астам жәбірленуші түседі. Оның 60-қа жуығы әйел болса, 150-ден астамы – кәмелет жасқа толмаған балалар. Қазір елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге қол ұшын созатын орталықтардың саны 70-ке жуықтады. Оның 19-ы жәбірленушіні уақытша баспанамен қамтамасыз етеді. Онда психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіледі.
Ғалихан Куканбеков, «Үміт» дағдарыс орталығының директоры:
- Қазіргі кезде орталықта 18 әйел бар. 40 кәмелетке толмаған балалар бар. Жалпы 58 адам тұрып жатыр. Қызмет алушыларға ешқандай бұл жерде ақы төленбейді. Мемлекет тарапынан толығымен қолдау көрсетіледі. 4 мезгіл тамақ мәзірімен қатар, төсек орын жабдығымен әр қызмет алушыға 1 бөлмеден бөлінеді. Сонымен қатар балалары бар. Оқуынан қалмас үшін жақын маңайдағы мектепке орналастырамыз. Ал мектепке дейінгі балаларға жұмыс жасайтын арнайы тәрбиеші бар.
Отбасы мүшелеріне күш көрсетіп, денсаулыққа зиян тигізгендер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Яғни, былтыр жазалау мерзімі екі есе ұлғайған. Жауапкершілік қатаңдаса да, зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Бұл тұрғыда жауапты ведомство арнайы рейд жүргізуді қолға алып отыр. Тәртіп сақшылары тұрғылықты жері бойынша тұрмыста құқықбұзушылыққа бейім азаматтарды тексереді.
Азамат Құрымбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:
- Профилактикалық шара барысында 11 мыңға жуық профилактикалық есепте тұрған адамдар тексерілді. Мыңға жуық қорғау нұсқамасы қойылды. Тума туысы, көршілері я басқа да бір адам тұрмыстық жанжал саласында құқықбұзушылық орын алғанын естісе, оны хабарлай алады. Бұл бойынша полиция қызметкерлеріне арызданушының арызы керек емес. Өзі барып анықтап, фиксация жасап өзі әкімшілік іс қозғай алады.
Отбасын ойран ететіндерге жауапкершілік тағы да күшейді. Жуырда ғана Ішкі істер министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл және депутаттармен бірлесіп, заңнамаға бірқатар түзету енгізді. Енді жанұя мүшелеріне қол көтергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Онымен қатар Сотқа агрессорларды психологилық түзету орталықтарына жіберу құқығы берілді. Бұдан бөлек, тұрмыстық жанжалдарды арнайы полицейлер тергемек.
Авторы: Альмира Оразбай, Мерей Талап.