С. Нұрмағамбетовтың еш жерде жарияланбаған суреті Алматыда көрмеге қойылды

Кеңес Одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Сағадат Нұрмағамбетовтың еш жерде жарияланбаған суреті Алматыда көрмеге қойылды, деп хабарлайды 24KZ.

Фотосурет 1943 жылы түсірілген. Кездейсоқ кадрда 19 жастағы Сағадат Қожахметұлының сапта тұрған сәті бейнеленген. Фотоның қай қалада жасалғаны және кімнің түсіргені әзірге белгісіз. Ол зерттеушілердің еншісінде. Көрмеде қарулас достарымен түскен және қан майдандағы ерлігі үшін 1945 жылы Кеңес Одағының батыры атағын алып жатқан суреттері де бар. Еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі және Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған көрмеге батырдың жеке заттары да қойылды.

Дәулет Қадыров, ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің қызметкері

- Көрмеміздің негізгі мақсаты өскелең ұрпаққа, қазақстандықтарға әскери-патриоттық тәрбие беру. Ерекше атап көрсететін, бұл Сағадат Қожахметұлының киім үлгілері. Қысқы киім үлгісі және де плащы көрсетілген. Біздің көрмемізде сол Халық қаһарманы атағын беру жарлығы және де оның Алтын жұлдызының көшірмесі қойылған.