Инфекцияның таралуына тосқауыл: Сенатта заң мақұлданды
Еліміздің аумағына қауіпті тауарлардың өткізілуі және инфекциялық аурулардың сырттан келуі мен оның таралуына тосқауыл қойылады.
Бүгін Сенатта «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық келісімін ратификациялау туралы» заң мақұлданды. Ол ТМД-ға мүше мемлекеттер, азаматтарының санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Құжатта тараптардың бірін-бірі жедел хабардар ету, эпидемияға қарсы шараларды жүргізуде практикалық және техникалық көмек көрсету міндеттемелері айқындалған.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Келісімді ратификациялау аса қауіпті аурулардан туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді және еліміздің халық денсаулығына оң септігін тигізеді деп күтіліп отыр. Жалпы заңды қабылдау теріс және өзге де жағымсыз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.