Қазақстандық құрылысшылар құрылыс кодексінің жаңа жобасына наразы
Олар құжатта олқылықтар көп деп отыр.
Нақтырақ айтсақ, жаңа жобада сәулет құрылысы мен қала құрылысына тиеслі нормалар біріктірілген. Ал сала өкілдері бұрынғы сәулет заңы сол күйінде қалу керек дейді. Жауапты министрлік сараланған құжатта шетелдік тәжірибе ескерілді деп отыр.
Жаңа құжаттың төңірегінде қордаланған мәселе бойынша құрылыс саласының өкілдері бас қосты. Атамекен кәсіпкерлер палатасына жиғалғандар "қызметті жүйелеуге арналған кодекс, проблеманы шешпеді. Керісінше жағдайды қиындатты" де отыр. Оның үстіне құжат әзірлегенде пікірлері ескерусіз қалған.
Мейірбек Жаманқұлов, жобалаушылар қауымдастығының президенті:
- Сәулет құрылысы мен қала құрылысы екеуі екі түрлі нәрсе. Қала құрылысына басқа бір кодекс жасау керек еді. Қала құрылысының кодексі ол, мына жердің, қалалардың зонасын, соны реттейтін заң болу керек. Нақты ұсынысымыз, бұрынғы сәулет заңы сол күйі қалу керек.
Кәсіпкерлер бұл кодекс құрылыс жобаларын сараптау нарығын ашық түрде монополиялауға әкеп соғады деп алаңдаулы. Себебі осыған дейін бұл жұмыстарды мемлекеттік емес ұйымдар атқарып келген. Енді сараптау нәтижелерін мемлекеттік ұйым бекітеді.
Бірлік Ережепов, сараптамалық ұйымдар палатасының төрағасы:
- Заңның баптары бір-біріне қайшы келеді. Ал құрылыс саласының мамандарын сертификаттауды өзін-өзі реттеуші ұйымға беру туралы ұсыныс тіпті ақылға сыймайды. Мұндай нәрсе әлемде жоқ. Лицензия беру болса, бұрынғыдай жергілікті атқарушы органдардың құзіретінде қалып отыр. Салдарынан «лицензия алып беремін» деген жарнамалар хабарландыру сайттарында қаптап жүр. Жалпы заң жобасын әзірлеу барысында дамыған елдердің тәжірибесі де мүлдем ескерілмеген.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі болса, нормаларды енгізу барысында шет мемлекеттердің тәжірибесін ескердік деп отыр. Құжат негізінен апаттардың алдын алу мен құрылыс сапасын жақсартуға бағытталған.
Руслан Лепесов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің департамент директоры:
- Жаңа заңда жеке сараптама ұйымдарын мүлдем алып тастау деген бап жоқ. Тек нысандардың маңыздылығына қарай мемлекеттік және мемлекеттік емес сараптамаға жатады деп бөлінеді. Мәселен, бес қабаттан жоғары және халық көп жиналатын ғимараттардың жобаларына тек мемлекеттік сараптама жасалады. Себебі бұл қауіпсіздік үшін қажет. Өйткені талай нысандардың қабырғасы құлағанын көз көрді.
Бұған қоса, Атамекен палатасының 108 ұсынысты сараланыпты. Оның 34-і қабылданған көрінеді.
Бегман Құлбаев, ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ның бас директоры:
- Цифрландыру мәслесіне көп көңіл бөлінді. Қазіргі заңнамада жоқ сейсмикалық төзімді немесе осы жаңадан құрылысын салып жатқан нысандар қаіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа нормалар. Және мынау тұрғын үйлерді жалпы дербес-дербес емес, микрорайон аудон деңгейінде игеру мақсатында. Жалпы соларды кешенді игеру мәселесіне де көңіл бөлінген болатын.
Құжат төңірегінде қанша дау болса да, бұл әлі тоқетері емес. Құрылыс кодексі Мәжіліс қарауына түсті. Енді жобаны депутаттар талқылап, одан әрі пысықтайтын болады. Сондықтан өзгерістер енуі де ғажап емес.
Авторы: Дана Әлиева