«Қазақстан халқына» қорына екі жүз миллиард теңге жиналды
Екі жылда «Қазақстан халқына» қорына екі жүз миллиард теңге жиналды.
Қаржының басым бөлігі еліміздің ірі кәсіпорындарынан түскен. Сондай-ақ бизнесмендер мен қарапайым қазақстандықтар да қайырымдылықпен айналысып, қаржы жіберіп отырады. Бұл туралы біздің арнаға берген сұхбатында Қордың Басқарма төрағасы Болат Жәмішев айтты. Қор есебінен 60-тан астам жоба іске асты, оның ішінде-инновациялық протездер алынып, сирек кездесетін аурулары бар балаларға дәрі-дәрмекпен қамтылып, шетелде қымбат операциялар жүргізілген.
Болат Жәмішев, "Қазақстан халқына" ҚҚ Басқарма төрағасы
- Бізге онкологиялық аурулары бар адамдарға қатысты көп жүгінеді. Оларды шетелге жіберуді сұрайды. дегенмен бәрін бірдей өзге мемлекетте емдете алмаймыз, бұл мүмкін емес, оны көпшілік түсінеді. Сондықтан қазір қымбат сәулелік терапия жабдықтарын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бағдарлама үш жыл ішінде жүзеге асырылады. Ал биыл екінші және үшінші бағыттағы химиотерапияға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алдық.
870 білім гранты берілді
Сонымен қатар, Қорда медицина қызметкерлерін оқыту бағдарламалары бар. Әртүрлі салалық бағыттағы дәрігерлерді даярлауға қаржы бөлінеді. Бағдарламада, әсіресе, ерекше балалармен жұмыс істейтіндерге ден қойылған. Бұдан басқа, дамуында ерекшеліктері бар сәбилерге арналған 13 оңалту орталығы бой көтереді. Оның 7-сі ашылды, қалғаны жақын арада салынады. Сұхбатта Болат Жәмішев білім беру жобалары туралы да айтып берді.
Болат Жәмішев, «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасы:
- Біз аз қамтылған отбасылардан шыққан талапкерлерге, мүгедектігі бар балаларға бес критерий бойынша гранттар мен стипендиялар бөлеміз. Биыл 870 грант берілді. Жалпы 3 мыңға жуық студент осындай қолдаумен білім алуда.
76 спорт алаңы жабдықталады
«Қазақстан халқына» қоры есебінен шалғай ауылдарда 24 спорт залы керек заттармен жабдықталды. Жоба биыл да жалғасады. Тағы 76 жаңа алаңды жабдықтау жоспары бар. Сонымен қатар, Қор спортық ойындарға арналған 80 жабық кешеннің құрылысын қаржыландырады.