Жетісу облысында қар көшкіні қаупі сақталып тұр
Жетісу облысына екі тәулік ішінде 15 сантиметрден бастап 35 сантиметрге дейін қалың қар жауды.
Салдарынан таулы аймақта қар көшкіні жүру қаупі туындады. Қалыптасқан жағдайға байланысты жауапты сала қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Олар өңірдегі мұздық көлдерге әуеден барлау жасап, аймақтағы гидробекеттерді де тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Жетісу облысында «Қазселденқорғау» мекемесінің 57 гидробекеті орналасқан. Ондағы мамандар күніне үш рет қардың қалыңдығын, ауа температурасын, өзендердегі су деңгейін анықтайды. Әрі селді тоқтататын тоспалардың да жағдайын басты назарда ұстап отыр.
Айдос Сабырбаев, «Қазселденқорғау» ММ Жетісу Алатауы аймақтық пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:
- Барлық өзендерде су өтінімдері кедергісіз. Транзитті. Су лайлылығы ноль бал. Барлық селден қорғау имараттары көктем жаз айларында таудан аққан судың өтімдерін азайту үшін тас бұталарды ұстау үшін дайындалған. Қазіргі таңда гидрологиялық жағдай қалыпты.
Жетісу облысындағы тауларда 400-ден аса көлшік бар. Төтенше жағдай департаменті қызметкерлері мен «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары су айдындарына тұрақты түрде әуеден барлау жасайды. Сол арқылы деңгейін, мұздықтардың жағдайын бағамдайды.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Жетісу облысында қар көшкіні жүретін алпыстан аса қауіпті аймақ бар. Соның 35-і осы Текелі қаласында орналасқан. Төтенше жағдайға сақадай сай болу үшін саладағылар бірлескен оқу жаттығу өткізді.
Шартты сценарий бойынша Қора шатқалындағы қар көшкінінің астында бір адам қалған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде зардап шеккен азамат табылып, дәрігерлер шұғыл медициналық көмек көрсетті. Осылайша құрылымдық күштер өзара іс-қимылын пысықтады.
Ринат Тазабеков, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
- Биылғы қар жамылғысының қалыңдығы былтырғы жылмен салыстырғанда 50-60 пайызға төмен. Сонымен қатар жердің тоңының қатуы да төмен болып тұр. Бірақ та қауіп сақталады. Жауын-шашын мөлшері көп түскен жағдайда қар көшкіні қаупі және су тасқыны қаупі учаскелерде жағдай күрделенуі мүмкін.
Ауа райын Қазгидромет мамандары да жіті бақылап отыр. Олар 12 метеостанциядан мәлімет жинайды. Ақпарат орталықта сараланып, соның қорытындысына сәйкес болжам жасалады.
Маржан Әбдуәлиева, «Қазгидромет» РМК Жетісу облыстық филиалының бөлім басшысы:
- Біздің Талдықорғанда кеше 11 сантиметр болды. Қоғалыда 55 сантиметр, Лепсіде 59 сантиметр кеше жоғарылады қар қалыңдығы. Биылғы жыл 2002 жылдың аналогы. Қыс жылы болады. Жауын-шашын нормада болады.
Аймақта қыс жылы болса ақпан айында қар еріп, өзендер тасуы мүмкін. Өңірдегі 31 елді мекенді су шайып кету қаупі бар. Қатердің алдын-алу үшін сала қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесіне көшірілген.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов