Қазақстандық әскерилер БҰҰ миссияларына қатысады
Қазақстандық 139 сарбаз Таяу Шығысқа жіберіледі, деп хабарлайды 24KZ.
Олар бір жыл бойы Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларын орындайды. Яғни, әскери базаларды күзетеді. Гуманитарлық жүктерге жауапты болады. Сондай-ақ бейбіт тұрғындарды қорғауға атсалысады.
Бүгін Парламентке депутаттармен бірге әскерилер де жиналды. Жиында Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларын орындау үшін қазақ әскерін Таяу Шығыс пен Африкаға жіберу мәселесі пысықталды.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
- Геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты ұлттық қауіпсіздікте жаңа тәуекелдер пайда болып жатыр. Олардың кейбірі әскери тәсілмен әрекет етуді талап етеді. Осыған байланысты сарбаздардың дайындығын күшейту қажет. Біріккен Ұлттар Ұйымы миссияларына қатысу қазақ әскеріне жауынгерлік дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.
Бұған дейін бітімгершілік күшін жіберуді Мемлекет басшысы ұсынған. Парламенттің бірлескен отырысында депутаттар бастаманы қолдады. Жалпы Миссия Израиль мен Сирия арасындағы даулы аймақ – Голан аумағында орындалады. Таяу Шығысқа 139 адамнан құралған арнайы топ жіберіледі. Оның құрамында штаб офицерлері, сарбаздар, бақылаушы және әскери дәрігерлер бар. Ротаның құрамында 15 брондалған, 6 жол талғамайтын және 4 камаз бен шағын автобус болады. Қажетті техниканы тасымалдауға республикалық бюджеттен шамамен 8 миллион доллар бөлінеді.
Олжас Құсайынов, ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы:
- Біздің рота «Фауар» лагеріне орналасады. Онда миссияның штабы бар. Мұндағы буферлік аймақтың ұзындығы – 75 шақырым. Сарбаздар тікелей штаб командиріне бағынатын болады. Осылайша, Қазақстан өз әскери контингентін беретін 5 елдің бірі болады.
Бітімгершілік миссияға аттанғандардың әрқайсысына Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қаржы бөлінеді.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 1400 доллар және одан аса өзінің лауазымына байланысты ақша төленеді. БҰҰ төлейді ай сайын. Ал мына жерде олардың шоттарына ай сайын 3 жалақы түседі.
Қазақстанның сыртқы саясаты үшін бітімгершілік бағытының маңызы зор. Соңғы 20 жылда ел әскері Ирак, Непал, Батыс Сахарасы, Кот-д'Ивуар, Ливан, Мали және Орталық Африка мен Конго Демократиялық Республикаларындағы миссияларында абыройлы қызмет етті.
Қазақ әскері қатысқан миссиялар:
2003-2008 жылдары – Ирак;
2007-2009 жылдары – Непал;
2014 ж. - бүгінге дейін – Батыс Сахарасы;
2015-2017 жылдары – Кот-д'Ивуар;
2018 ж. – Ливан;
2022 ж. - бүгінге дейін – Орталық Африка Республикасы;
2022-2023 жылдары – Мали;
2023 ж. - бүгінге дейін – Конго Демократиялық Республикасы.
Алдағы Таяу Шығыстағы міндеттің де орны ерекше. Себебі Біріккен Ұлттар ұйымы Қазақстанға тұңғыш рет бітімгершілік миссиясына мандат берді. Енді біздің сарбаздар арнайы операцияларды өзге мемлекеттің емес, өз Республикамыздың атынан жүзеге асырады.
Авторы: Альмира Оразбай.