Қостанай облысындағы 160 ауылда интернет әлсіз

Қостанай облысындағы 160 елді мекенде интернет байланысы нашар, деп хабарлайды 24KZ.

Мысалы, Қарабалық ауданының Боскөл ауылында ғаламтор желісі болғанымен, жылдамдығы төмен. Сол себепті жергілікті мұғалімдер қашықтан оқытудың машақатын тартып жүр. Шекара түбінде орналасқан ауыл жұртының басым бөлігі көрші елдің байланыс желісіне қосылып алған.

Кейде интернет аңдып, компьютер алдында күні бойы отырамыз, - дейді Боскөл аулының мұғалімдері. Мұнда жалпы ғаламтор желісі жоқ емес бар. Отандық 2 оператор өз мұнарасын орнатқан. Бірақ олардың қуаты бүкіл ауылды қамтымайды. Тым әлсіз.

Ақжарқын Қауысова, Боскөл жалпы білім беру мектебі директорының орынбасары:

- Қоңырау шалу үшін біз терезенің алдында отырамыз. Байланыс аулаймыз. Бірақ естілмейді. Немесе 3 шақырым вокзалда мұнарасы тұр, Beeline мұнарасына барып, интернетке қосыламыз.

Ауыл жұртының жартысы Ресейдің байланыс желісін пайдаланады. Соларға төлейді. Аудандық әкімдіктегілер биыл бұл аумаққа сапалы интернет жеткіземіз деп отыр. Сол үшін жаз шыға Ворошилов пен Гурьянов елді мекендерінде антенналық қондырғының құрылысы басталмақ.

Марал Ыбырай, Қарабалық аудандық әкімдігінің өкілі:

- Бұл қондырғы бүтін бір округты қамтиды. Яғни, Боскөл ауылдық окугын толық сапалы интернетпен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ жақын орналасқан Қарабалықтың да байланыс жүйесі жақсарады. Ал болашақта шалғайдағы елді мекендерге талшықты-оптикалық желі тарту жоспарымызда бар.

Жалпы биыл облыс бойынша 50 елді мекенде антенналық қондырғы және базалалық станциялар салу межеленген. Мұның сыртында ауыл мектептерін STARLINK технологиясы бойынша интернетке қосу мүмкіндігі қарастырлмақ.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.