Жайықтың жайы алаңдатып тұр

Атырау облысының әкімдігі Жайық өзенінің Каспийге құятын сағасын тереңдетуге қаржы таппай отыр.

Жоба мемлекеттік сараптамадан былтыр өткен. 12 жарым млрд теңгені республикалық бюджеттен сұратқанымен, әлі жауап жоқ. Ал жергілікті бюджеттен бұл бағытқа қаражат қарастырылмаған.

Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр жеріндегі тереңдік қазір жарты метрге жетпейді. Өзеннің таяздануы балық шаруашылығын да тұралатты. Тонналап су маржанын терген балықшылар бүгінде келілеп тасуға мәжбүр. Бұған қоса өңірдегі өзен портының жұмысы да шатқаяқтап тұр.

Азамат Зұлқарнаев, ЖШС директоры:

- Жайық өзені деңгейі аз болуына байланысты және мына тамақта судың деңгейі аз болуына байланысты кемелер кіре алмай жатыр. Сондықтан жүкті қазіргі таңда қабылдай алмай жатырмыз. Ең соңғы рет 2020 жылы жүк қабылдадық. 4000 тоннаға дейінгі жүкті қабылдадық. Тамақтың аузын қазатын болса, жоғарыдан су жіберетін болса балық шаруашылығына да жақсы кемелердің кіріп-шығуына.

Өзеннің теңізге құяр сағасын тереңдету балықтың көбеюіне де жол ашады. Кеме қатынасын да жақсартады. Әкімдік жобаны былтыр мемлекеттік сараптамадан өткізген. Ал енді жүзеге асыратын қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр.

Талғат Бисен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз былтыр бітірдік жобаны. Министрлікке жолдадық облыс әкімдігінің қолымен және премьер министрге де хат жолдадық. Бұл негізі ең басында үкіметтік резервтен бөлінеді деген, онымен әлі бөлінген жоқ. Қазір анықталмай отыр осы күні.

Құжат бойынша ұзындығы 12 шақырым, ені 40 метр жер 3 метрге дейін тереңдетілуі керек. Бұл мәселені жақында мәслихат депутаттары да талқылаған. Халық қалаулылары қаржының жартысын өңірдегі мұнай компанияларына жүктеуді ұсыныпты. «Сондай-ақ су арнасын тазалаумен айналысатын мекеме құру керек»,- дейді депутаттар.

Қаршыға Жауынбаев, қалалық мәслихат депутаты:

- Облыс республикадан ақша сұрап жатыр. Бірақ ол әлі де шешілмей келе жатқан нәрсе. Соны шешуге Аманат партиясы арқылы ұсыныс беріп отырмыз. Бұрын Жайықтың теңізге құяр сағасын тазалап тұратын ММС деген мекеме болды. Соны қайтып құрса, 2-3 жыл сайын 16 млрд ақша бөлгеннен гөрі жыл сайын ақшасын бөліп, жыл сайын тазалап отырса, жайықтың арнасы таза болады деген ұсынысымыз.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Жобаға қаржы бөлінсе, өзеннің теңізге құяр тұсын тереңдету жұмыстары биыл басталуы керек. Соның арқасында өңірдегі кәсіпорындар да су тасымалы арқылы өнімдерін экспорттай алады. Шамамен 1 млн тонна күкірт пен полипропилен тасымалдау жоспарланып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов