Отандық өнімдер Берлиндегі халықаралық көрмеге қойылды
Қазақстандық өнімдер Берлинде халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіне қойылды, деп хабарлайды 24KZ.
Осы күндері Германияда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр. Оған 60-тан астам мемлекеттен өкіл келген. Қонақтар түрлі елден жеткізілген өнімдердің дәмін татып көрді. Ал ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өзара байланыс жайын талқылады.
Осындай көрме 1926 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі «Жасыл апта» деп аталады. Халықаралық мәртебеге ие іс-шараға қазақстандық компаниялар бұл жолы 20-дан астам өнім тұрін алып барды. Олардың қатарында Алматы апорты, шоколад, Шығыс Қазақстан балы, отандық шырындар мен рапс майы бар. Келушілерге бауырсақ, самса және тәттілер ұсынылды.
Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
- Қазақстандық делегация Германияға келген басты мақсаты – мынау әлемдік аграрлық көрмеге қатысу және де Grüne Woche деген «Жасыл апта» деп аталатын ауыл шаруашылығындағы үлкен дүниежүзілік көрме, соған ресми түрде қатысып, біздің қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін осы көрмеде Германия тұтынушыларына таныстырып, жаңа экспорттық нарықты ашу. Осындай үлкен мақсатпен келіп отырмыз. Қазақстандық павильонымыз негізі дәстүрге айналды. 2018 жылдап бастап қатысып жатырмыз. 2018 жылы 10 компания қатысса, биыл 20 астам тауар шығарушылар өз өнімдерін осы көрмеде шығарып отыр.
60 мемлекеттен келген өндірушілер комбайн мен трактордың жаңа нұсқаларын, бау-бақша мен егін егуге қажетті заттарды ұсынды. Асыл тұқымды бұқалар мен жылқыларды да осы жерден сатып алуға болады. Келушілерді, әсіресе экзотикалық ас түрлері таңғалдырды.
Рюдигер, көрмеге келуші:
- Бұл шараға қатысу үшін Солтүстік Бавариядан келдік. Алыс-жақын шет елдерден келген өнімдерді көруге асықпыз. Көрменің Қазақстан бұрышы ерекше, қызықты екен. Өзім туризм саласында жұмыс істеймін. Алдағы уақытта Қазақстанға барғым келеді.
Ренате, көрмеге келуші:
- Жаңа мәдениетті тану әрқашан қызық. Мен қазақстандық шоколадтың дәмін алғаш рет татып көрдім. Өте ұнады. Достарыма да дәм татуға кеңес берер едім. Қазақстан туралы көп білмеймін, енді оны зерттеуге асықпын.
Өткен жылы халықаралық азық-түлік көрмесіне 10 күнде 300 мың адам келген. Ұйымдастырушылар бұл жолы рекордты жаңартудан дәмелі. Алғашқы тәуліктің өзінде 100 мыңға жуық билет сатылып кетіпті. Танымдық көрмеге осылайша жылдан жылға сұраныс артып келеді.
Авторлары: Сымбат Молдатай, Шолпан Найманбаева.