Министр: Тұрғындардың ресми дереккөзге жүгінуін сұраймын

Халық зілзала кезінде қалай дұрыс әрекет етудің нақты алгоритмін білуі керек.

Сол себепті сейсмикалық қауіпті өңірлерде оқу-жаттығулар жиі өткізілуі тиіс. Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты ахуал жөнінде отырыс өткізіп, аталған мәселеге тоқталды. Зардап шеккендерді оңалту үшін барлық шараны қабылдауды тапсырды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, жер сілкінісінің ошақтары орналасқан көрші мемлекеттермен де өзара іс-қимыл жасауы қажеттігін атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Қаза тапқандар жоқ, ауқымды зиян келмеді. Алайда зардап шеккендер бар. Уақытылы ақпарат алмаған адамдар нақты әрекетсіз дүрбелеңге жол берді. Олар 2, 3-қабатардан секірген кезде зардап шекті. Бұл ескерту жүйелерін уақытылы қосып, халыққа мүмкіндігінше ертерек ақпарат беріп, хабарламалар жіберу қажет екенін көрсетті. 

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Өңірлердегі азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілді, командалық-штабтық машиналар орналастырылды, құтқару бөлімшелерінің топтары және халықты хабардар ету жүйесі ден қоюға дайын. Тұрғындардан дүрбелеңге түспеуді және тек ресми дереккөздерге жүгінуді сұраймын. Қазіргі уақытта өңірлерде ғимараттардың, оның ішінде қорғаныш гидротехникалық объектілердің ықтимал бұзылуына комиссиялық тексеру жүргізілуде.