Алматыдағы жер сілкінісінің салдары анықталып жатыр

Алматының сегіз ауданында жер сілкінісінің салдарын анықтау бойынша комиссия жұмыс істеп жатыр.

Оның құрамына Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, әкімдік өкілдері мен Қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары кіреді. Олар ғимараттар мен тұрғын үйлерге зерттеу жасайды. Комиссия мүшелерін шақыру үшін жергілікті әкімдікке өтініш беріп, бүлінген үйдің фотосын жіберіп, мекенжайды жазу қажет.

Алматылық Нұрлыбек Дауылбаев жер сілкінісінен кейін отбасын басқа қаладағы туыстарына жіберіп, бірден жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Өйтпесіне болмады. Себебі, пәтердің қабырғасы мен еденіне сызат түскен. Үй 5 қабатты. Нұрлыбектің баспанасы соның 3-шісінде. Сүйінбай көшесіндегі көпқабатты үй қолданысқа 2016 жылы берілген.

Нұрлыбек Дауылбаев, қала тұрғыны:

- 6 жылдан бері тұрып келе жатырмыз. 1-ші рет болып жатыр жер сілкінісі. Жарылып-жарылып кетті үйіміз. Іштен ремонтты өзіміз бастап отырмыз.  Семьяны көшіріп жібердік Қонаевқа.

Тұрғындар: «құрылыс компаниясы көпқабатты баспана 8 балл жер сілінісіне шыдап береді», деп уәде берген дейді. Кешегі жерасты дүмпуі 5 балл. Соның өзінде үйдің іші-сыртында жарықшақтар пайда болған.

Эльмира Шабарова, қала тұрғыны:

- Мына үйдің жалпы сапасы 50 пайыз деп айта аламын. Кіргелі бері бізде ремонт жасалып жатыр, жасалып жатыр. Кешегі жер сілкінісінің өзінен 5 балдықтан, бүткіл үй, подьездің барлығы трещина. Іші-сырты, балконның полдары. Түгел терезенің жақтаулары.

Мына тұрғын үй кешенінің тұрғындары да залалды анықтау жөніндегі комиссияға өтініш беріпті. Олар да мамандарға пәтердің бүлінген жерлерін көрсетіп әлек. Солардың бірі Наргиз Ахметова. Ол 7-ші қабатта тұрады. 

Наргиз Ахметова, қала тұрғыны:

- Осында көшіп келгеніме 3 ай ғана болды. Міне көріп тұрсыздар қабырғаға сызат түсті. Мен құрылыс маманы емеспін. Бұл қаншалықты қауіпті екенін білмеймін. Негізгі қабырға емес деп жатыр. Бірақ бәрібір жер сілкінісінен кейін жарықшақ пайда болды.

Жер сілкінісінің салдарын анықтау жөніндегі комиссия барлық өтінішті қарап болғанша жұмыстарын жалғастырады. Қала бойынша қанша ғимаратқа залал келгені туралы мәлімет сол кезде жарияланады.

Ербол Әлімқұл, Алмалы аудандық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының м.а:

- Қазіргі таңда Алмалы ауданының төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірге 25 үй тексерілді. Тексеру нәтижесінен кейін акт толтырылды. Арасында жаңа үйлер де, ескі совет үкіметі кезінде салған үйлер де бар. Тексеріп біткеннен кейін экспертный комиссияны шақырады. Независимый. Олар барлық өлшемді көргеннен кейін арықарай құзырлы органдарға беріледі. Қазіргі таңда шығынның қаншалықты болғаны есептеліп жатыр.

Жалпы Алматы қаласындағы жағдай тұрақты. Жедел штаб жұмысы жалғасуда. Барлық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев, Сұлтан Бейсекенов