Қ. Тоқаев жер сілкінісіне дайын болмаған жауапты мекеме басшыларын сынға алды

www.akorda.kz

Алматыда болған жер сілкінісі кезінде құзырлы органдар шұғыл әрекетке дайын болмай шықты.

Бүгін Мемлекет басшысы табиғи апат кезінде табандылық таныта алмаған жауапты мекеме жетекшілерін сынға алды.  Қасым-Жомарт Тоқаев салаға жауапты министрге «артылған жүк ауыр болса, қызметтен кету керек» деп тікелей ескерту жасады.

Президенттің қатысуымен өткен сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесте бүкпесіз әңгіме болды. Сырттай қарағанда, құжат жүзінде бәрі дұрыс. Қаржы бөлінген, игерілген. Бірақ қауіпсіздік құралдары қажет кезде сыр береді. Неге? Бұл мәселе Президентті де алаңдатады.

Бекзат Аманов, тілші:

- Алматы. Алатаудың бөктерін жағалай қоныстанған алып қала. Шаһар жылдан жылға қанатын кеңге жайып келеді. Алайда бірер күр бұрын сол қанатты қағып салды. Қас пен көздің арасында тау қозғалып, жер сілкініп, жергілікті халықтың зәресін алды. Көңілін күдік басқан тұрғындар не істерін білмеді. Апат асқынып кетсе, құзырлы органдар қорған бола ала ма деген сауал саналарын жаулады.

Алматыдағы жұмыс сапарында Президент сол құзырлы орган басшыларын жинап кеңес өткізді. Мемлекет басшысы ел аумағының үштен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар екенін, сейсмологиялық станциялар соңғы 5 жылда 45 мыңнан астам дүмпу тіркегенін айтты. Абырой болғанда, оның көбі – төмен балдық жер сілкінісі. Бірақ соңғы жағдай тиісті органдардың шұғыл әрекетке дайын емес екенін көрсетті, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Мысалы, жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті чемодан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс. Оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде тұрақты жаттығу өткізіп тұру қажет. Бұл өте маңызды. Осы жұмысты дереу қолға алу керек.

Табиғаттың сынағынан сүрінгендер Президент сынына да ілікті. Алматының азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне неге дайын болмады? Автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесі енгізілгенімен құрылғы бұл жолы пайдаға жарамады. Енді бұл мақсатқа бөлінген қаржының әр тиыны сұралады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әдеттегідей берілген есепте бәрі дұрыс. Осы мақсаттарға бөлінген қомақты қаражат игерілген, нысандарды қабылдап алу актісіне қол қойылған. Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды және бір айдың ішінде қаражаттың қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесінің неге жұмыс істемегенін анықтауды тапсырамын. Соған қарағанда, бүкіл елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысында да олқылықтар көп. Басшылық шұғыл әрекет ете алмады. Осылай деген Президент ведомство басшысына қызметін сыни тұрғыдан қайта таразылауды айтты. Жай айтпады, министр Серік Шәріпхановқа «жұмысыңыз ауыр болса, қызметіңізді босатыңыз» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент Әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды.

Сынды түгелдеп болсақ, іске көшейік. Президент төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жаттығуларды тұрақты өткізіп, халық арасында түсіндірме жұмыстарын ширатуды тапсырды. Яғни, осындай тосын оқиғаларға жергілікті билік те, бұқара да сақадай сай болуы тиіс.

- Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді. Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын. Құлақтандыру бірнеше негізгі міндетті шешуі керек. Олардың қайсысын бұрын қолдану керектігі қауіп-қатердің ауқымына байланысты. Алайда қолданыстағы алгоритмдерде бұл ескерілмейді. Қатты жер сілкінісі кезінде адамдарды зілзаланың физикалық сипаттамалары мен эпицентрі туралы ақпарат қызықтырмайды. Олар табиғат апатының қаншалықты жойқын екенін онсыз да сезінді. Мұндай сәтте, ең бастысы, тұрғындарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды. Жұртты әдейі дүрліктірген адамдарды заңға сәйкес жазаға тарту қажет, – деді Президент.

Жалған ақпарат таратқандар жазасыз қалмауы тиіс. SMS хабарламалар уақытылы жету керек. Халықтың көкейіндегі сұраққа дер кезінде жауап берулі міндет. Бірақ бұған дайынбыз ба? Кеңесте жүйені материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру деңгейінің төмен екені айтылды. Бұл сейсмикалық мониторинг желісіне де, сондай-ақ құтқарушыларды заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен және арнаулы киімдермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Сейсмикалық бақылауды «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС қарасты Алматы, Шымкент қалаларындағы және 12 облыстағы 70 сейсмологиялық станция жүргізеді. Оның алтауы істен шыққан. Мамандардың есебіне сәйкес бүкіл ел бойынша қосымша 285 сейсмологиялық станция орнату қажет. Жойқын жер сілкінісі кезінде мемлекеттік материалдық резервтің болуы және оның қолжетімділігі айрықша маңызды. Көлік байланысын жедел қалпына келтіру және медициналық көмек ұйымдастыру мүмкіндігі де шешуші рөл атқарады. Әкімдер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, барлық елді мекеннің осыған қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дайын екеніне көз жеткізуге тиіс. Осы жер сілкінісінен сабақ алып, жіберілген олқылықтарды түзету қажет.

Кеңес барысында қауіпсіздік мәселесі қайта қаралып, инновациялық шешімдер қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ білікті мамандар даярлау міндеті жүктелді. Алматыда ғана емес, өзге де қалаларда дайындық күшейтілуі тиіс.

Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев.