Медициналық ұйымдардың қарызы ₸113 млрд-тан асып кетті
Елде 480-ге жуық медициналық ұйымның кредиттік қарызы 113 млрд теңгеден асып кеткен, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл мекемелердің 90%-і мемлекет меншігінде. Аталған мәселе тұрғындарға сапалы әрі уақытылы медициналық көмек көрсетуге кедергі келтіріп отыр. Бұл жайында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Айдар Нұралиев айтты. Биылға жоспарланған медициналық қызметтерді сатып алу көлемі 2,6 трлн теңгені құрайды.
Айдар Нұралиев, «ӘМСҚ» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Кредиттік қарыздарды азайту үшін бірқатар шара қабылданды. Біріншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру активтері есебінен 58,9 млрд теңге көлемінде қосымша қаржыландыру. Республикалық бюджетті түзету аясында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін 57,4 млрд теңгеге қосымша қаржыландыру. Жергілікті бюджет есебінен қосымша қаржы бөлу. Нәтижесінде былтыр мерзімі өткен кредиттік борыштардың 22,7 млрд теңгеден 8,8 млрд теңгеге дейін азайды.