Адай жылқысы - ұлттық бренд
«Қазақтың асыл тұқымды Адай жылқысы - ұлттық бренд». Осы атаумен Ақтауда салтанатты шара өтті.
Мерекелік жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ұлттық ат спортының жаттықтырушылары мен атбегілер қатысты. 2022 жылдың қыркүйек айында «Ұлы дала жорығы» атты тұңғыш марафон-бәйгеде маңғыстаулық «Көкмойнақ» командасы топ жарған еді. Астанадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырым қашықтықты 12 күнде бағындырған «Адай жылқылары» көпті таңқалдырды. Сол жылдың қарашасында Маңғыстауға жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысы қазақтың «Адай жылқысы» ұлттық брендке айналады деді. Асыл тұқымды мал ретінде танып, түлік санын көбейтуді тапсырды. Мемлекеттік комиссия құрылып, Адай жылқысына қатысты 1400-дей дерек жинақталды. Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институты әр жылқының генетикалық құрылымын ғылыми сынақтан өткізді. Жуырда комиссия қорытындысымен Әділет министрлігі Адай жылқысының бір емес, алты тұқымын «селекциялық жетістік» ретінде тіркеп, патент берді.
Ербол Ермағамбетов, Ұлттық спорт түрлері орталығының көкпар және аударыспақтан аға жаттықтырушысы:
- Адай жылқысына асылтұқымды деп тұқым беруінің бірден бір себебі - алыс қашықтыққа емін-еркін шаба береді. Өте жақсы нәтиже көрсетеді. Жылдамдығынан. Одан кейін оның төзімділігі, ештеңе талғамайтыны, басқа жерге барғанда акклимитизация деген нәрсе ол жылқыда болмайды. Тіпті, теңіздің суын да іше береді.