Аягөз қаласына жаңа жылу электр орталығы қажет

40 мыңнан астам тұрғыны бар шаһардағы қазандықтардың көпшілігінің тозығы жеткен, деп хабарлайды 24KZ.

Жылу құбырларының жағдайы да мәз емес. Жылудың жетіспеушілігінен кейбір қала тұрғындары пәтерінде пеш жағып, күл тасып жүр.

Зейнеткер Серікхан Қарымсақов қаланың қақ ортасында тұрса да, әлі күнге дейін пеш жағады. Өйткені қария қоныс еткен екі қабатты үй жылу жүйесіне қосылмаған.

Серікхан Қарымсақов, қала тұрғыны:

- Мен 2000 жылы көшіп келдім осында. Содан бері, міне, от жағып келемін. Жылына 6-6,5 тонна көмір жағамын. Шелектеп тасимын екінші қабатқа. Өзім зейнеттемін. Осы от жағу қиын болып тұр. Жылдан жылға ауыр болып келеді.

Аягөздегі 30-дан астам көпқабатты үй мен бірнеше коммерциялық нысан осылай пеш жағуға мәжбүр. Оларды қаладағы қазандықтарға қосу мүмкін емес. Шаһардағы ең ірі орталық қазандық 1975 жылы салынған. 60-қа жуық тұрғын үй мен 10-ға тарта әлеуметтік мекемеге қызмет көрсетеді. Оның өзі 40%-ке тозып тұр. 

Владимир Силин, қазандық шаруашылығының шебері:

- 2019 жылы қыс мезгілінде осы қазандықта апат болып, халық жылусыз қалған болатын. Сол кезде 248 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Әзірге қалыпты жұмыс істеп тұр. Біздің тілегіміз, орталық қазандыққа қуаты 10 гигакалория қосымша қазандық қою керек. Апат айтып келмейді. Кез келген жағдайға дайын болғанымыз абзал. 

Аягөз қаласына жылу электр орталығын салу мәселесі көптен көтеріліп жүр. Өйткені шаһарда 6 қазандық болса, оның үшеуі жеке меншікте. Жағдайы көңіл көншітпейді, 70%-ке дейін тозған. Ал олардың иелері қазандыққа күрделі жөндеу жүргізуге құлықты емес.

Медет Тәтенов, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:

- Тарифтік сметада, мысалы үшін, бір котелныйды алатын болсақ, бір маусымға 800 мың теңге, 1 миллион қаражат қарастырылған. Ал бір қазандықты ауыстыру, бір қазандықтың құны 5 миллионнан төмен тұрмайды. Соған сәйкес бүгінгі күні енді қазандықтарды жамап, сырлап қана ұстап отыр. Алдағы уақытта жоспар құру ойда бар. Ол қазандықтар бюджетке алынса, 3 қазандықты, онда біз бюджет тарапынан қаражат бөліп, ағымдағы жөндеу жұмыстарын, қазандық ауыстыру жұмыстарын жасай аламыз.

Азамат Қасым, тілші:

- Үлкен жылу орталығының жоқтығы қаланың дамуына да кері әсерін тигізіп отыр. Шаһардың бас жоспары бойынша мына екі қабатты үйлердің орнына 5 қабатты үйлер салынуы керек болған. Алайда бұл жоба жүзеге аспады. Себебі қазіргі қазандықтардың жылу беруге шамасы жетпейді.

Медет Тәтенов, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:

- Қаланың қазір қосылып тұрған жылуы – 40-45 гигакалорий. Енді біз осы ТЭЦ саламыз дедік. Орталықтандырылған. Сол бойынша есептеу барысында қалаға қажетті жылу күші 90-100 гигакалория болу керек. Енді ТЭЦ салсақ, бізде қосымша қуат болады да, орталықтағы барлық ескі апаттық үйлерді жаңартып, орнына 5 қабатты үйлер салуға әбден бір мүмкіндік бар.

Аягөзде 14 шақырымнан астам жылу жүйесі бар. Оның 60%-тен астамы ескірген. Ал қалаға жылу орталығын салу үшін 2014 жылы жобалық-сметалық құжат әзірленіпті. Алайда жоба қолдау таппаған. 

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.