Павлодарда тозығы жеткен жеделсатылар жаңартылады
Павлодарда тозығы жеткен жеделсатылар ауыстырылатын болды.
Ол тұрғын үй қорының коммуналдық инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында мүмкін болмақ.
Алайда мерзімін әлдеқашан өтеп тастаған лифтілерді жаңартуға тұрғындар тарапынан белсенділік өте төмен. Қолданыстағы мыңнан астам көтергіштердің биыл тек тоғызы жаңарады.
Павлодарда 1 мың 245 көпқабатты үй бар. Ондағы лифтілердің саны мыңнан асады. «Тозығы жеткен жеделсатылар кез келген сәтте істен шығуы мүмкін» - дейді мамандар. Оларды ауыстыруға бірінші болып 16 қабатты 4 үйдің тұрғындары келісім –шартқа отырды. Бұл үйлердің іргесі тоқсаныншы жылдардың басында қаланған.
Наталья Ильиченко, қала тұрғыны:
- Бұл өте ұзақ мерзім. Лифтілер ауыстыруды қажет етеді. Біз жиналыс өткізіп, адамдардың келісімін алдық. Тұрғын үй қорының коммуналдық инфрақұрылымын дамыту бағдарламасына қатысуға тұрғындардың 80 проценті келісті. Құжаттарға қол қойылды. Міне ақпан айында жаңа көтергіш сатылар орнатылады.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық инспекциясы өкілдерінің айтуынша жеделсатыларды жаңғырту ісі біртіндеп болса да алға жылжи бастады. Тапсырыс тұрғындардан түсуі керек.
Бақытгүл Базылова, қалалық коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары:
- Алдымен меншік иелерінің жалпы жиналысы өтеді. Осы тұжырымдамаға қатысу туралы шешім қабылдануы тиіс. Егер меншік иелері, яғни көпқабатты үй тұрғындарының 51 проценті келісім берсе, ары қарай құжаттарды жеделсатыларды жөндеумен айналысатын серіктестікке тапсыру керек болады.
Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында лифтілерді ауыстырумен қатар кондоминиумнің жалпы мүлкін жөндеуден өткізуге болады. Әрине, тұрғындар тарапынан қолдау тауып жатса.
Михаил Редько, серіктестік директоры:
- Адамдардың барлығы бірдей келісім бермейді. Біздің қарауымызда 42 жыл бойы тоқтамай жұмысістеп тұрған лифті бар. Қолдану мерзімін екі қайтара өтеп тастаған. Ал оны ауыстыруға ешкім асықпайды. Жекеменшік иесі бола тұра көп адамдар мемлекет жөндеп беруі керек - деген ескі көзқараспен өмір сүріп жатыр.
Биыл бар жоғы 9 лифт ауыстырылады. Көпқабатты үйлердегі көтергіш сатылардың 70 процентінің тозғанын ескерсек бұл өте аз көрсеткіш. «Ал тұрғын үй қорының коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы 2025 жылы аяқталады. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеміз», -дейді сала мамандары. Он алты қабатты үйге орнатылатын бір лифттің құны жұмысымен қоса есептегенде 20 миллион теңге түскен.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков