ШҚО-да коммуналдық саланы жаңғыртуда нәтиже бар

Шығыс Қазақстан облысында «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы оң нәтиже көрсетті, деп хабарлайды 24KZ.

Оның көмегімен жылу және сумен қамту нысандарын жаңғыртуға 9,5 миллиардтан астам теңге жұмсалды. Ал Шемонайха ауданында бұл әдіс осыдан 8 жыл бұрын іске асырыла бастады. Осылайша, мамандар коммуналдық саладағы бірсыпыра келеңсіздіктің алдын алған.

Шемонайха – коммуналдық инфрақұрылым жүйесі қалыпты істеп тұрған аудандардың бірі. Су, жылу мәселесінде тұрғындардан шағым болған емес. Бірақ 15 жыл бұрынғы жағдайды мұндағы жұрт әлі ұмытпаған. Сол кезеңде жауапты мекеме банкротқа ұшырап, жылумен қамту саласы иесіз қалды. Салдарынан пәтері азынаған тұрғындар біраз әуре-сарсаңға түсті.

Ізбасқан Момын, Шемонайха қаласының тұрғыны:

- Біздің әке-шешеміз көрді, суды да тасыды, жылусыз кездері көрпеге оранған кездер болды, оның бәрі артта қалды деп ойлаймын. Тариф енді аса қымбат емес, айына «коммуналка» 8-10 мың арасында төлейміз жарыққа, ыстық суға, жылуға дегендей.

Сол кезде аудан басшылығы ірі өнеркәсіптік кешенмен келісімге келіп, коммуналдық желі мен нысандар жеке компанияға өтеді. Өз кезегінде олар тарифті көтеріп, оны инвестицияға айырбастауға кіріскен. Есесіне жүйе күрделі кезеңді еңсереді. Тұрғындар да мәселенің шешілуіне зор қолдау көрсете білді.

Бақытжан Молдаханов, Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары:

- Ол кездерден бері есептейтін болсақ, бір 60-70%-ке дейін көтерілген болатын тарифтер. Келісті, әрине, бірақ негізгі ауыртпашылықты халыққа емес, жаңағы үлкен кәсіпорындарға жүктеп, тарифті солай бекіткен болатынбыз. Қазір сол тарифпен жұмыс жасап жатырмыз.

Осылайша, тарифті инвестицияға айырбастау ел бойынша іске аса бастады. Мысалы, жоба талабына сай облыста тариф 10%-ке өсіп, жылу және сумен қамту нысандары жөнделіп жатыр. Ең бастысы, тозығы жеткен желілер мен станциялар жаңарып келеді.

Нұрлан Рамазанов, облыстық ТҮКШ басшысының орынбасары:

- Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес біз жыл сайын кем дегенде 2%-ке төмендету керекпіз, сонымен айта кеткенде, біз 2030 жылға дейін шамамен 15%-ке тозу деңгейін төмендету керекпіз. Яғни, бұл жұмыстар осы бағытта жалғасып жатыр.

Әзірге құбыр желісінің тозу көрсеткіші 3%-ке төмендеді. Бұл тарифтік бағдарлама кадр мәселесін шешуге де ерекше ықпал етті. Саладағы 4,5 мың жұмысшының еңбекақысы өсті.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.