Павлодар облысында арнайы әлеуметтік төлем жасала бастайды
Павлодар облысындағы 3 мыңға жуық кәсіпорында адамдар зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүр.
Биылдан бастап, солардың арасынан еңбек өтілі 7 жыл болған, жасы 55-ке толған азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем жасала бастайды.
Лаборант Сара Белгібаева 20 жылдан бері мәйітханада жұмыс істейді. Зиянды жағдайдағы еңбегі үшін, мемлекеттің арнайы төлем тағайындағанына қуанды. Себебі, денсаулығы да сыр бере бастапты.
Сара Белгібаева, лаборант-гистолог:
- Біз бұл жаңалықты желтоқсан айында естідік. Бұйрық шыға сала мемлекетіміз беріп отырған мүмкіндікті пайдаланып, демалысқа шығуға бел будым. Өте дұрыс шешім. Өйткені біздің жұмысымыз денсаулыққа зиян. Химиялық қоспаларды, реактивтерді пайдаланамыз. Аутопсияның өзі жүйкеге салмақ түсіреді.
Жаңа жүйеге сәйкес патологиялық-анатомиялық бөлімшеден 55 жасқа келген үш маман демалысқа кетеді. Жақын күндері екі лаборант пен бір санитардың орны босайды.
Наталья Марденко, облыстық кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі:
- Біз жұмыс барысында формальдегид, ацетон, толуол, формалин сияқты препараттарды қолданамыз. Мәйітке аутопсия жасап, зерттеу жүргіземіз. Бұл психологиялық тұрғыдан алып қарағанда өте ауыр жұмыс. Ол үшін бізге қысқартылған жұмыс аптасы және психо- эмоционалды жүктеме қарастырылған. Сонымен қатар дәрігерлерге қосымша төлемақы тағайындалған.
Арнайы мемлекеттік төлемақы төрт қаражат көзінен, яғни республикалық бюджеттен, жұмыс беруші ұйымнан, сақтандыру компаниясы мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленеді. Осы жаңашылдыққа іліккен адамдарға 200 мың теңге шамасында төлемақы қарастырылған.
Владимир Питраков, БЖЗҚ Павлодар облыстық филиалының директоры:
- Бұл төлемді алуға зиянды еңбек жағдайларында 7 және одан да көп жыл жұмыс істегендердің құқығы бар. 2014 жылдың қаңтарынан бастап міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары енгізілді. Егер жұмыс беруші осы жарналарды аударса, қызметкер зиянды еңбек жағдайларында еңбек етті деген сөз. Ал жұмыс беруші міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударуы керек және зиянды еңбек жағдайы дәл осы аударымдармен расталуы тиіс.
Осы санатқа жататындар мамандардың кеңесіне жүгіне алады. Ал Павлодар облысы бойынша қазір 47 мың тұрғын ауыр және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейді. Қырық тоғыз мыңға жуық жеке зейнетақы шоты ашық. Кезінде 2 мыңдай адам ауыр еңбек жағдайында жұмыс істеп, кейін шығып кеткен екен.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков