Сырдарияның деңгейі бақылауға алынды

Қызылорда облысы аумағында Сырдария өзеніндегі ахуал күнделікті бақылауға алынды.

Мамандардың айтуынша, қазір Шиелі ауданы Қарғалы елді мекенінен 7 шақырым төмен "Таштоп" учаскесіне дейінгі Сырдария өзенінің иіндерінде мұз тұтасқан. Ал "Төменарық" су бекетінде майда мұз жүріп жатыр. Өңірде су басуы мүмкін 29 қауіпті учаске бар. Бұл аумақтарға 364 арнайы техника бекітілді. Биыл мұз жару жұмыстары мен қажетті заттар алуға 15 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазір тасқынға қарсы шаралар үшін 117 тонна жанар май, 139 мың дана қап пен 17 мың бау қамыс дайындалған. 

Руслан Қайрақбаев, облыс бойынша ТЖД бастығы:

- Қажет болған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін 59 жинақтау және 69 қабылдау эвакуациялық пункті дайын. Күн сайын біздің қызметкерлер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері Сырдария өзені бойындағы арналарды аралап, мониторинг жүргізеді. Қазіргі уақытта жағдай ерекше бақылауда.