Кепілді медициналық көмек ауқымы кеңейеді
Павлодар облысында денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі екі есе артқан.
Мәселен әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін бұл сома 42,5 миллиард теңге болса, былтыр 93,5 миллиард теңгеге жетті.
Алайда тұрғындар тегін көрсетілетін қызмет түрлерін біле бермейді. Сала мамандарының айтуынша көбі жекеменшік емханалар мен зертханаларға жүгінеді. Ал Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыстың жоғарғы шегін бес есе ұлғайтуды ұсынып отыр.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы көрсетілетін диагностикалық қызмет түрлерінің ауқымы өте үлкен. Ол жұқтырылған иммундық тапшылық вирусы мен туберкулезден басқа ауруларды тегін диагностикалау мен емдеуге арналған. Тұрғындар компьютерлік томография мен магнитті резонансты томографиялық зерттеулерге көбірек жүгінеді. Азаматтардың сақтандырылған санаттары үшін тіпті құны 1 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін жететін қымбат операциялар бар. Мысалы, коронарлық артерияны шунттау құны 3 миллион теңгеден басталады. Халық арасында медициналық сақтандыруға көңілі толмайтындар да бар.
Наталья Шварц, қала тұрғыны:
- Өткен жылдың соңында қаржыландыру жоқ деген жағдайды басымыздан өткердік. Созылмалы ауры бар адамдар ғана емес ауырып дәрігерге барған қарапайым тұрғындардың өзін кері қайтарды. Тендер әлі өткен жоқ, қаржы бітіп қалды деген сылтаулар айтылды. Осыған қарап бәлкім қашан ауыратынымызды жоспарлауымыз керек шығар деген ойға қалдық.
Жауапты сала басшыларының айтуынша бұл қате пікір. Егер мұндай жағдай туындап жатса бірден сақтандыру қорының мониторинг бөліміне хабарласу керек.
Жангелді Шаймбетов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес директоры:
- Жылдың соңында, желтоқсан айында ақша жоқ - деп айту ол қателік және ай сайынғы оларда қаражат көзі анықталған. Сол бойынша оларда тиісті қаражат алып отырады. Егер де олар қаражат бола тұрып қасақана әдейі айтқан болса сіздер ондай фактілерді біздің фондқа айту қажетсіздер. Біз медициналық ұйымдармен осы тікелей жұмыс арқылы оны шешіп отырамыз.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген күннен бастап тұрғындар емдеу мекемелерін өздері таңдай бастады. Облыс бойынша 136 медициналық ұйым қызмет көрсетсе олардың 72-сі жекеменшік емдеу мекемелері. Соңғы жылы бұл тізімді стоматологиялық қызмет толықтырды. Өткен жылы 18 жасқа дейінгі 37 мыңға тарта бала, 679 жүкті әйел тісін емдетіпті. Биыл бұл мақсатқа 973 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл жерде жалған ақпарат таратқан стоматологиялық клиникалар анықталды.
Жангелді Шаймбетов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес директоры:
- Стоматологиялық қызмет бойынша алатын болсақ 788 ақау анықталды. Бұның негізгі себебі медициналық клиникалар, жеке клиникалар науқас келмесе де келді - деп ол дамумедке медициналық жазба жазады. Оны қалай анықтаймыз деген сұрақ, біз осы 788 ақауды тұрғындар өздері қорға хабарласу арқылы біз оларды анықтаймыз. Ол үшін бізге кері байланыс керек.
Павлодар облысы бойынша 146 мыңға жуық тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан шет қалған. Соның 48 мыңы жұмыс істейтін азаматтар. Яғни жұмыс беруші әлеуметтік төлемақыны уақытылы аудармаған. Мамандар зейнетақы мен медициналық аударымдарды арасында қадағалап отыруға кеңес береді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков