Жастар арасында есірткі сату мен тұтыну тыйылмай тұр

Оңай олжаны көздеген жасөспірімдер синтетикалық өнімді әлеуметтік желілер арқылы сатып жүр.

Әрекеті әшкере болып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан жастар да бар. Бұл туралы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов мәлімдеді. Айтуынша, 14 жастан бастап есірткі саудасына қатысқан балалар да заң алдында жауапқа тартылады. 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Есірткі тасымалдаушыларды ел арасында «закладчиктер» деп атайды. Бұлардың басты қызметі арнайы дайындалған есірткі өнімдерін адам аяғынан алыс, көзден таса тұсқа жасыру. Кейін мұнысын тапсырыс берушіге суретке түсіріп жолдайды. Алаңдамаңыз, біз пайдаланған өнім жасанды реквизит. Құқық қорғау қызметкерлеріне де мұның арнайы түсірілім екенін түсіндіре аламыз ғой. Алайда, осыны кәсіп етіп, шатылған жастардың кейінге шегінерге жолы жоқ. Арты абақты.

Рас, кей жастар ағаш-бұтаның түбін тінтіп, тұрғын үйлердің қуыс-қуысын қазып жүр. Бірі есірткі жасырса, енді бірі сол синтетикалық өнімді іздеп сенделеді. Мамандар, «жасөспірімдер арасында есірткі саудасы да, тұтыну да белең алып барады», - дейді. Өткен жылы тыйым салынған тауар түрін тасымалдаған 40-тан аса жас ұсталған. Биылдың өзінде 4 жасөспірім құрықталды. Есірткіге еліккен жастар да аз емес.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:

- Ақтөбе қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде кәмелет жасына толмаған 9-шы сыныптың оқушысы ұсталды. Тінту барысында 48 дана тыйым салынған зат анықталды. Есірткі сатқаны үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікті көзделеді. Олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Келесі кесел - бояушы жастар. Олар қала көшелерінде есірткі жарнамасын жазумен айналысады. Нақтырақ айтсақ, нарко өнімдерді саудалайтын сайттар мен арналарды ақпараттандырады. Өткен жылы осындай 60 сайт пен арна бұғатталған. Ал еріктілер: «5 мыңнан аса есірткі жарнамасын жойдық» дейді.

Ақерке Искандерова, «Жастар рухы» ЖҚ төрағасының міндетін атқарушы:

- 2023 жылы біз «Есірткіге жол жоқ» жобасын іске қостық. Жобада төрт бағыты бар. Біріншісі ол нақты еріктілердің қатысуымен телеграм каналдарды, есірткінің жарнамасы бар телеграм каналдарды жою, графитиларды. Екінші бағыты - бұқаралық спорт шараларын ұйымдастыру. Үшіншісі ол талқылау «Рухтастар кейсі», «Бір толқында» диалог алаңдарында оны талқылау. Төртіншісі бізде республикалық хакатон өтті.

Елде есірткі тасымалдағандарды жазалайтын ерікті топтар құрылған көрінеді. Әлеуметтік желілерде әлде біреулер жастарды өз заңымен жазалап жатқан бейнежазба жарияланды. Онда зәбірленушіні "закладчик" деп атап, соққының астына алған.   

Баян Ахатай, ҚХА аналар кеңесі төрағасының орынбасары:

- Сіз айтқан закладчик дегеннің жазасы балалар үшін тым ауыр деп ойлаймын. Сотталып кетіп жатқан біздің бала-шағаларымыз, закладчиктер бір рет жасады, екі рет жасады әрине бұл жазалануы керек. Бірақ, сондай 10 жыл, 13 жыл өмірің қор қылып емес, Өйткені оның арғы жағында үлкен акулла дейміз ғой, құйрығын ұсттатпайтын телеграм каналдар, түпсіз бір теңіздер жатыр. Соларға қалайда бір жол табу керек сияқты. Ал балаларға обал.

Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады. Азғантай ақшаға бола басын бәйгеге тіккен балалар темір торға тоғытылып жатыр. Алайда, әлеуметтік желінің арғы бетінде әмір беретіндерді әшкере етуде, құрықтау да қиын болып тұр.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Мерей Талап, Ырыстанбек Оспанов