Digital Almaty 2024 халықаралық форумы. LIVE
Қазақстан 2026 жылға қарай IT экспортының көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайтып, жетекші цифрлық орталықтардың біріне айналуы тиіс.
Мемлекет басшысы біздің алдымызға осындай міндет қойып отыр. Бұл туралы Digital Almaty форумында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты. Бүгін халықаралық шара барысында 20-ға жуық панельдік сессия өтеді.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Алдымен айта кетейін, цифрлық форумның Алматыда өтуі тегін емес. Себебі, еліміздің ең ірі мегаполисі IT индустрияның астанасына айналды. Еліміздегі IT компаниялардың басым бөлігі осында орналасқан. Мұнда ақпараттық технологиялар саласының дамуына қолайлы инфрақұрылым қалыптасқан. Бұл жолғы басты тақырып өнеркәсіпті цифрландыру. Бүгінгі
күннің жаңа талабы осы. Ол экономиканың әртүрлі салаларында, соның ішінде машина жасау, тұрмыстық техника және тау-кен өнеркәсібінде қолданылады. Мәселен, елімізде жалпы ішкі өнім өндірісіндегі негізгі үлесті өнеркәсіп құрайды. Сондықтан экономикалық саладағы бизнес-процестерді жақсартуға көмектесетін жаңа цифрлық шешімдер қажет. Форум алаңы осы саладағы негізгі трендтерді, жобаларды және технологияларды таныстыру және талқылауға мүмкіндік береді. Бұл форумда жер қойнауын пайдаланушыларға барынша назар аударылғанын атап өткен жөн. Ірі салық төлеушілер де солар. Оларды технологиялық тұрғыдан жаңғырту мемлекет үшін аса маңызды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардан 10,6 трлн теңге көлемінде салық түскен. Бұл республикалық бюджеттің 35 проценті.
Сарапшылардың айтуынша, БҰҰ рейтингі бойынша Қазақстан онлайн қызметтерді ұсыну бойынша 8-ші орында, ал «электрондық үкіметті» дамытуда 28 орында. Автокөлікті үйден шықпай-ақ 5 минутта тіркеуге болады. Тұрғындардың 85 проценті қолма қол ақшасыз есеп айырысады. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 93 проценті электронды форматта көрсетіледі. 50 миллион анықтама цифрлық форматқа көшірілген.
Айта кетейін, ертең осы форум аясында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы өтеді. Оған Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан үкімет басшылары мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының басшысы қатысады.
Отырыстың күн тәртібінде сауда-экономикалық ынтымақтастық, ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесі және тағы басқа мәселелер талқыланады.