500 жылдан бері құсбегілікті серік еткен әулет
Абай облысының Мақаншы ауданында 500 жылдан бері құсбегілікті серік еткен әулет тұрады.
Отағасы Нұғым Қайдардың қолына құс қондырғанына 40 жылдан асқан. Қазір немерелері бүркіт баптап, аңға салып жүр.
Әбусақа Мырзабек 13 жаста, қолына қондырған қыраны – 7 жаста. Аты – Аңсұңқар. «Баптап жүргеніме екі-үш жылдың жүзі болды», - дейді бала бүркітші.
Әбусақа Мырзабек, 8 сынып оқушысы:
- Аңға салып жүрмін. Аңдар алып жүр. Қоян, түлкі, қарсақ сондай аңдар алып жүр. Атамнан үйрендім. Біз жеті атамыздан бері бүркітшіміз. Атадан бабаға келе жатқан дәстүр. Біз осыны жалғастырып, мен де осылай жалғастырып келе жатырмын.
Әбусақа құсбегілікке 9 жасынан әуестенсе, атасы Нұғым Қайдар 10 жасында әкесіне ілесіпті. Мақаншы ауданының Көктерек ауылындағы бұл әулеттің саятшылықты серік еткеніне 500 жылға жуықтаған.
Нұғым Қайдар, бүркітші:
- Менің әкемнің әкесі, оның көтеріп отыр ғой енді. Сонда оның әкесі көтерді деп сұрамаппын. Сонда 4 атаға жалғасып кетіп отыр ғой. Мен енді 40 жылда 10 шақты бүркіт ұстадым. Бірақ та қолымнан құс өліп көрген жоқ. Енді айрылсам айрылып қалдым. Қоя бердім, қартайып. Одан кейін жаңағы қараусыздықтан немесе аштықтан, аурудан құс өліп көрген жоқ.
Бұған бүркітшінің өмірлік серігі Қайратгүл Шәденқызының да үлесі зор. Өйткені, құстың жемін дайындау да оңай шаруа емес.
Қайратгүл Шәденқызы, Нұғым Қайдардың жұбайы:
- Мына бүркіт деген адамның, үйдің бір мүшесі сияқты. Содан шалым қырға кетіп қалады, малға кетіп қалады құсын алып ап. Сол кездерде бүркіттің жемін дайындап, қалған бүркітке беріп отырамын. Бітти күйін көтереді, көңілін көтереді деп сол қоянның етін сол дәмді баяғы өзіміздің әлгі жылқының етінен қазы қарта, жал жая жеген құсаған боп отырады.
Бұл – бүркіттің аты Мұзбалақ. Республикалық сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. 2022 жылы құсбегілердің әлем чемпионатында 2 орынды иеленген. Елімізде қасқырға қаймықпай түсетін санаулы құстың бірі. Мұндай қыранды қолға түсіру үшін де ептілік керек. Нұғым Қайдар оны балапан кезінде ұядан алған екен.
Нұғым Қайдар, бүркітші:
- Бүркітті екі түрмен аламыз. Бірі тормен ұстаймыз. Осы уақытта торға тез келеді енді. Шабыт іздейді. Тамақ іздейді қарда. Ұядан аламыз. Ұядан алған бұл адамға бауыр басқан адамға ұмтылғыш келеді. Бала-шағаға. Жаңағы шабыты келгенде. Түзден түскен құс жаңағы адамға түспейді.
Бүгінде бір ғана Көктерек ауылында 4 бүркіт бар. Облыстағы қырандардың саны онға жуық. Бүркітші Тәттімбет Кәпұлының айтуынша, өңірде құсбегілік өнер жылдан жылға қанатын кеңге жайып келеді.
Тәттімбет Кәпұлы, бүркітші:
- Бұрын кезінде Шығыс Қазақстанда, Абай облысында ешқандай құс болмаған еді. Бүгінгі таңда осы жетістігіміз мол. Өйткені, біз талай орындар алдық. Біздің негізгі мақсатымыз енді мен қыранмын еркіндікті көп көрген. Мақтанатын қазақ деген мықты елмен. Мен бар жердің несібесі молайып, мен бар жерге әрқашанда құт келген деп Абай облысына құт келуге Алла тағала нәсіп етсін.
Жақында Шығыс Қазақстанның Бозанбай ауылында республикалық чемпионат өтеді. Облыстың құсбегілері қазір осы сайысқа қызу дайындық үстінде.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов