«Қазақ» газетінің жарыққа шыққанына 111 жыл толды

111 жыл бұрын дәл осы күні Орынборда «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген еді.

Алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, азат ел болуға үндеген басылымға зиялылардың сіңірген еңбегі мол.

Басылым бетінде ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, мәдени мәселелер жарияланып тұрған еді. Газет жарық көрген 2 ақпан былтыр Ұлттық баспасөз күні болып жарияланды.

Маңдайына қазақтың кигіз үйін бейнелеген халық үні – Қазақ газеті 1913 жылы жарық көрді. 1918 жылға дейін 266 саны шығып, 8 мыңға жуық тиражбен тараған. Үміт пен үрей билеген заманда саяси сананы жаңғырту үшін бастарын бәйгеге тіккен алаш азаматтарының бұл ісі азаттық қозғалысының өркениетті үлгісі еді.

Айгүл Ісмақова, Назарбаев университетінің профессоры:

- Біздің қазақ атауын қайтарды ма бір, екінші, сол кездегі саяси ахуал, Ресей империясы ыдырауға дайын тұрған кезде қазақ өз мемелекеттік дербес тәуелсіз ел болуы үшін ұлттың саяси санасын ашу керек болды. «Қазақ» газетінің байқасаңыз эмблемасы бар. Ол рәміз – қазақтың киіз үйі. Ол киіз үй батысқа қарап тұр. Қазақ редакторлары былай деген: «Батыстан біз өркениетті ғылымды аламыз. Заманауи технология батыстан келеді».

Иә, батысқа қарап ашылған түндіктегі мағына батыстың ғылымын, ілімін алуды білдірсе, босағадағы «Қазақ» жазуы оны сүзгіден өткізуді аңғартқан. Ол да – қазақтығымызды жоғалтпаудың амалы. Қазақ зиялыларының жақұт жазбалары жарыққа шыққан газеттің тағдырына халықтың қолдауы да оң болды. Заманының бай-бағландары демеушілік жасап, қаржылай қолдау көрсеткен.

Айгүл Ісмақова, Назарбаев университетінің профессоры:

- Бұл газеттің меценаттары – өте атышулы белгілі адамдар. Замани және бай әрі қайырымды адамдар. Мысалы, Оразаев Мұстафа. Ол қандай кісі? Ол Бухари медресесін бітірген. Уфадағы Ғалия медресесін бітірген сауатты адам болған және ол кісі сауатты түрде бірінші меценат болған. Екінші – Оразаев Мұстафаның әкесі Ахмет Ишан. Ол да газеттің авторы болған. Қаржылай көмектескен.

Газетті Жапония, Қытай, Түркия, Ресейдің берісі Томбы, әрісі Петербор сынды қалалардағы  қазақтар да тағатсыздана күтіп, қолдан қолға тигізбей оқыған. Сол заманның заманауи үлгісінде шыққан газет елдің мұңының, бостандыққа ұмтылған күресінің, тарихының, күнделікті тұрмысының айнасы болды.  Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті ұлттың үні іспеттес.

Авторлары: Зарина Кәп, Диас Ковланбаев.