Қоқыс тастағандарға салынатын айыппұл сомасы екі есе ұлғайды

Жер-жерде үйілген қоқыс даланың да, қаланың да сиқын кетіріп тұрғаны жасырын емес.

Әсіресе көктем туып, қар кеткенде қыс бойы жасырынып жатқан қоқыс көзге шыққан сүйелдей болады. 

Иә, бұл мәселеге кейінгі жылдары билік тарапынан ерекше назар аударыла бастады. Қазір елде заңсыз қоқыс полигондарымен күрес пәрменмен жүріп жатыр.

Қоқысқа қарсы күрес: айыппұл өсті

Биылдан бастап белгіленбеген жерге қоқыс тастағандарға салынатын айыппұл сомасы екі есе ұлғайды. Бұл мақсатта Экология және табиғи ресурстар министрлігі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске түзету әзірледі. Мәселен, бұған дейін айыпкер 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 184 600 теңге төлеуге міндеттелсе, енді 369 200 теңге төлейді. Сондай-ақ заңды тұлғалар 369 200 теңгенің орнына 738 400 теңге төлеуге міндетті.

 

4388 қоқыс үйіндісі жойылды

Былтыр ел бойынша 5 543 үйінді анықталды. Жыл соңына дейін 80% – 4 388-і жойылды. Тазарту жұмыстары бюджетке қосымша шығын екені сөзсіз. Сондықтан Үкімет салдарымен күреспей, оның алдын алуға күш салып отыр. Айыппұл сомасын көбейту кез келген жерге қоқыс төгуді әдетке айналдырған азаматтарға ой салуға тиіс. Әйтпесе, елді мекен маңындағы үйінділердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кеткені рас.

Былтыр қыркүйек айындағы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов стихиялық қоқыс үйінділері мен қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту аса өткір тұрған мәселе екенін айтты және 1 желтоқсанға дейін жауапты органдарға стихиялық қоқыс санын екі есе азайту туралы тапсырма жүктеген. Алайда бірқатар өңірде бұл жұмыстың ақсап тұрғаны белгілі болды. Үкімет басшысы ісіне селқос қараған Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыстары әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларына қатаң сөгіс жариялауды тапсырды.

Сондай-ақ Премьер-министр коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеуге атүсті қараған өңірлер басшылығын сынға алды. Бұл бағдарламада қалыптасқан ахуалға талдау жасалып, шешу жолдары көрсетілуге тиіс. Бүгінде аудандар мен қалалардың 75% әлі іске кіріспеген.

«Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеу мерзімі әлдеқашан өтіп кетті. Мысалы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында бірде-бір жоспар әзірленбеген. Сондықтан аталған өңір әкімдері де өздерінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тапсырманы орындамағаны үшін сөгіс жарияласын». Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі.

 

Қоқыс қалдықтарын өңдеу

Қазір қалдықты жинаудың тиімділігін арттыру үшін инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр. Яғни, контейнерлік алаңдар салу, контейнерлер мен қоқыс таситын көліктерді көптеп сатып алуға көңіл бөлінеді. Қоқыс қалдықтарын қайта өңдеудегі өндірістік қуатты арттыру көзделеді. Бұл мақсатта бизнес субъектілерін тарту көзделіп отыр.

Бүгінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі әкімдіктермен бірге жобалар пулын әзірледі. Пулда жалпы құны 60 млрд теңгеге жуықтайтын 11 жоба бар. Іріктеу кезеңінде бұл жобалардың жекелеген өңірлерге қажеттілігі мен коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларына сәйкестігі ескерілетін болады.

Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігі тұрғындарды ынталандыру іс-шаралары бойынша халықаралық тәжірибені зерделеді.

«Қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу зауыттарын іске қосу жөніндегі тапсырмаға сәйкес министрлік Түркия, Испания, Германия, Швеция, АҚШ, Корея және Жапония сияқты елдердің қалдықтарды басқару саласындағы тәжірибесін зерттеді. Халықаралық тәжірибеде қалдықтарды тиімді басқару мақсатында қайталама шикізатты тапсырғаны үшін сыйақы, қалдықтарды шығару қызметіне сараланған тарифтеу және әкімшілік жауапкершілікке тарту сияқты негізгі шаралар қолданылады. Жоғарыда аталған шараларды енгізу үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту және бизнес субъектілерін осы салаға тарту қажет». Ерлан Нысанбаев,   ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі.

Мемлекеттік қолдау тетіктерінің бірі ретінде жеңілдікпен қаржыландыру механизмі әзірленді. «Өнеркәсіпті дамыту қорынан» 3 жылдан 15 жылға дейін несие беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі 3% деңгейінде болады. 3 жыл ішінде жалпы сомасы 200 млрд теңге бөлінбек.

Сондай-ақ биылдан бастап тағы бір қолдау түрі, қалдықтарды басқару жөніндегі арнайы кәсіпорындарға төлемдер қайта жалғасады. Бұдан бөлек, әкімдіктер тарапынан жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылым тартуда қолдау көрсетіледі.

Тағы бір айтып өтер дүние, Үкімет қоршаған ортаға қамқорлықты адам бойына бала кезден сіңіруге бейіл. Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен Экологиялық білім беру және тәрбиелеу іс-шараларының 2029 жылға дейінгі жоспары бекітілді. Жоспар аясында оқушылар арасында экологиялық сабақтар өткізіледі. Себебі бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі.