Арқалықта жел электр станциясы іске қосылды
Бұл 2023-2027 жылдарға арналған қаланы кешенді дамыту бағдарламасына енген жоба.
Оның құны 24 миллиард теңге. «Станциясының қуаты 48 мегаватт. Ол бүтіндей бір облыстың оңтүстік өңірін қуатпен қамтуға артығымен жетеді», -дейді мамандар.
Бас-аяғы бес-алты айдың ішінде Арқалықтың шет жағында алыстан көзге шалынатын биік мұнаралар пайда болды. Барлығы он жел турбинасы орнатылған. Осы он генератордың өндіретін электр энергиясы бүкіл үш аудан тұтынатын көлемнен үш есе артық.
Амандық Әбішев, Арқалық жел электр станциясының басшысы:
- Арқалық, Аманкелді, Жанкелдин аудандары орташа 17 мегават алады. Бүгін біздің өндіретініміз 48 мегават. Артылған жаңағы өндірген электр энергиясы Қазақстанның ортақ энергетикалық системасына жіберіледі.
Жаңадан ашылған жел станциясында 22 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар. Солардың бірі Мадияр Қалтайдың міндеті - электронды жүйе арқылы электр энергия өндрісін бақылап, қызмет көрсететін бригада жұмысын үйлестіру.
Мадияр Қалтай, Арқалық жел электр станциясының диспетчері:
- Қазіргі сәтте 2,6 мегаватт выроботка жасап жатыр электр энергия. Мінеки желдің жылдамдығы, егер мына жерде авария, ЧП болып қалса, осы жерде команда беріп отырам. Соның барлығы істейді.
Мемлекет басшысының баламалы энергия көздерінің қолданысын кеңейту тапсырмасы, Қостанай облысында жүйелі түрде іске асып келеді. Бұл бағытта тағы бірнеше жобалар қаралып отыр.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Арқалықта келесі жыл тағы да бір жел электр станциясының құрылысы басталмақ. Және де облысымызда биыл қуаты 60 мегаватт, құны 34 миллиард екі станцияның құрылысы басталмақ. Оның біреуі облысымызда алғашқы рет салынатын күн электр станциясы, Және де газ поршень электр станциясы басталмақ.
Осы жобалар жүзеге асқанда облыста ішкі өндірілетін электр қуатының үлесі 45 процентке өседі.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров