Түркістанда тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр
Отбасылық жанжалға қатысты құзырлы органдарға 99 мың өтініш түскен.
Түркістанда өткен «Бақытты шаңырақ - кемел болашақ» атты республикалық форумда осындай дерек айтылды. Бұл былтыр өңірде анықталған олқылық. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық ананы жасытып, баланы жасқаншақ етеді.
Дағдарыс орталығына орналастырылған мына келіншек Түркістан қаласының тұрғыны. 5 баланың анасы күйеуінен қорлық көргенін айтады. Үнемі ішіп келіп, таяққа жығып отырған. Бірнеше ай бұрын ажырасқан. Күйеуін полиция есепке алыпты.
Тұрғаннан кейін мама сен 10 минут есіңді жоғалттың ғой дейді. 5 баланы бағайын маған күш-қуат керек. ауру болдым қазір. Қызым әкесін жақсы көреді. бірақ осындай иттігінен «мама, папама бармаймын енді» деп отыр.
Түркістан облысында осындай 2 орталық бар. Жауаптылар енді дағдарыс орталығын әр ауданнан ашуды жоспарлап отыр. Себебі отбасында қорлық көрген жандардың баратын жері, басатын тауы қалмаған. Тек өткен жылдың өзінде полицияға отбасындағы жанжалға қатысты 2866 шағым түскен. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 86,7 пайызы әйелдер, 4,4 пайызы балалар, 8,9 пайызы ер азаматтар. Құзырлы орган басшылары олардың себептері де әртүрлі екенін айтады.
Мұрат Қабденов, облыстық ПД бастығы:
- Әйелдерге қатысты жасалған зорлық-зомбылықтардың 85%-ы некедегі немесе ажырасқан күйеулерінен, 15%-ы туыстарынан жәбір көргендер. Отбасындағы құқық бұзушылықтың 30%-ы мас қалде туындаған жанжал салдарынан. 30,7%-ы кемсіру, не қызғану салдарынан, 19,2%-ы әлеуметтік жағдайға байланысты, 20%-ы басқа да себептерден туындаған. Құқық бұзушыны жәбірленушінің арызынсыз, жасалу фактісі бойынша жауапқа тартуға мүмкіндік берді.
Ал Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның жеткізген ақпараты тіпті ауыр. Өткен 1 жылдың ішінде елімізде отбасындағы жанжалдың салдарынан 69 әйел мен 7 бала қаза тапқан. Одан бөлек, 2452 балаға қарсы қылмыс жасалған. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен әйелдер құқығы және бала қауіпсіздігіне қатысты заң жобасы әзірленіп, ондағы 2 бағыт бойынша түзетулер енгізілген.
Динара Зәкиева, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Біріншіден, отбасыларға балаларға көмек көрсететін инфрақұрылым құру бойынша және балаларға қарсы жасалған қылмыстарға жазаны қатаңдату бойынша түзетулер көзделген. Қоғамда агрецияға және зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті дамытуымыз керек. осы бағытта әрқайсымыздың рөліміз өте маңызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы білсек, уәкілетті органдарға хабарлау керек. Зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет.
Ал прокурорлар жазаны қатайту арқылы ғана қылмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоямыз десек қателесеміз дейді. Себебі оның материалдық, психологиялық және моральдық зардабы ауыр екенін айтады. «Сондықтан қазірден бастап, балалардың санасына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайғы-қасірет екенін ұғындырған абзал»,-дейді. Себебі сана өзгермей зорлық тыйылмайды. Ал санаға саңлау түсіретін ол - отбасы. Сондықтан мамандар «отбасы институтын күшейтіп, жанұя жылулығына басымдық беру керек. Ең бастысы отбасы құндылығында ұлттық тәрбие мен өркениет талаптары ескерілуі қажет»,- деген пікірде.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов