Абай облысында жаңа кәсіп ашқандар көбейді
Абай облысында мемлекеттің қолдауымен жаңа кәсіп ашқандар қатары көбейіп келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Былтыр өңірдің 20-дан астам тұрғынына қайтарымсыз грант берілген. Осының арқасында кәсіпкерлікке бет бұрған жандардың саны айтарлықтай артты. Мәселен, Жарма ауданының тұрғыны аяқ киім тігетін шеберхана ашса, Үржарлық азамат құс шаруашылығын қолға алған.
500 мың теңгенің қайтарымсыз грантына қол жеткізіп, кәсібін кеңейткен азаматтың бірі – Қалбатау ауылының тұрғыны Думан Бейсенбекұлы. Қазір өзінің жеке шеберханасы бар. «Мемлекеттен алған демеу ісімнің ілгері басуына септігін тигізді», - дейді ол.
Думан Бейсенбекұлы, шебер:
- Жаңағы станоктарымыздың бәрін солар арқылы алдық. Колодкаларымызды алдық. Біздің жұмысымыздың жақсы жүруіне жаңағы көптен-көп пайдасы болды. Бізде бәрі ішіне жаңағы меринос қойының терісін саламыз. Ол өте керемет, тоңдырмайды. Жаңағы Қытайдың аяқ киімдеріне қарағанда біздің өзіміздің қолдан тіккен аяқ киімдер жылы болады.
Шебер бірнеше жыл етік жөндеумен айналысқан. Қазір аяқ киімнің 10-ға жуық түрін тігеді. Сұраныс та жоғары.
Арыстанбек Ибраев, Қалбатау ауылының тұрғыны:
- Келіп, алып жатыр. Оны көріп жүрміз. Мына жерде көліктер көп тұрады. Кісілер кіріп-шығып жатыр. Тағы да ашса осындай көлікті деп. Ауылды жерде керекті нәрсе. Етіктерді, аяқ киімдерді қарап, сапасы өте ұнады. Өзім де бұрын алғам. Жылы екен.
Ал үржарлық Қанат Иманбай 1,5 жылдан бері құс шаруашылығымен айналысады. Инкубатордан бройлер балапанын шығарып, өсіріп, өнімін саудалап отыр. Бұған дейін мұғалім болған ол кәсіпке бет бұрған жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз грант алыпты.
Қанат Иманбай, кәсіпкер:
- 1 миллион 225 мың теңге ұтып алдық мемлекеттік гранттан. Жаңағы өз қаражатымнан 300 мың теңге қостым. Сонымен 1,5 миллион теңге қаражатқа жаңағы біз «ниппельный поилка», «бункерный кормушка», құстарға арналған жемсаулары. Инкубатор 1400 жұмыртқалық. Жаңағы балапан бағатын арнайы брудерлер. Қораптар. Жаңағы өзінің температурасы мен жылулығын ұстап тұратын. Жарығы бар.
Кәсіпкер қазір балапаны мен тауығын қоса алғанда 600-ден астам бройлерді бордақылап отыр. Үржар ауданымен қатар Семейде де тұтынушылары бар.
Қанат Иманбай, кәсіпкер:
- Қалада бізде сұраныс бар. Қазіргі уақытта біз 100 бас қалаға жіберіп жатырмыз. Бірақ алдағы уақытта қалаға 400-500 бас жіберуге жоспарлап отырмыз. 350 бастан 750 басқа дейін өсіруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта оған біздің қоражайымыз дайын тұр.
Өңірде орта және шағын кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Қазір осы салада 105 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өткен жылы аймақта 340 жобаға 24 миллиард теңге субсидия қарастырылған.
Айбек Рахымбеков, облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Өткен жылы қайтарымсыз грантқа 100 миллион теңге бөлінді. Облыстағы 22 кәсіпкер мемлекеттің қолдауына ие болды. Гранттар негізінен инновациялық идеяларды жүзеге асыру үшін беріледі.
Ал биылғы жылға қайтарымсыз грантқа 130 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Жаңа бизнес идеяларға, бұрын-соңды жүзеге аспаған жобаларға басымдық берілмек.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.