Жастар арасында қылмыс азаймай тұр
Алматы облысында қылмыстық топ мүшелері ұсталды.
Олар ақша бопсалаумен айналысқан. Осы мақсатта 2005 жылы туған қызды пайдаланып, адамдарды пәтерге алдап шақырып отыруды тапсырған. Ал қаскөйлер онда жәбірленушілерді қорқытып, ақша талап еткен. Қазір күдіктілер ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Шымкентте де 20 жастағы алты жігіттің құйтырқы амалы әшкере болды. Олар студенттерді қорқытып, онлайн несие рәсімдетуге мәжбүрлеген.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы:
- Абай облысында студенттерді қорқыту арқылы ақша бопсалаумен айналысқан семейлік жас тұрғындардан құралған топтың қылмыстық әрекеті анықталды. Жәбірленушілердің бірі жергілікті университеттің екінші курс студенті, өткен жылдың тамыз айынан бастап қаскөйлерге 700 мыңнан астам теңге берген. Күдікті қамауға алынды. Атырауда жастар тобының мүшесіне қатысты жедел ақпаратты тексеру нәтижелері бойынша екі шолақ мылтық және әртүрлі калибрлі 60 патрон тәркіленді.