Сарқан тұрғындары: Тағы да лай су ішетін болдық
Тағы да лай су ішетін болдық. Жетісу облысы Сарқан қаласының тұрғындары осылай деп жергілікті билікке өкпе-ренішін білдіріп отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Себебі көктем мен күзде өзен суымен бірге тұрғындар тұтынатын тіршілік нәрі де лайланып кетеді.
Гүлзат Қайратқызы көктем мен күзде тіршілік нәрін тұндырып барып тұтынуға мәжбүр. Себебі сол кезде орталық құбырмен келетін ауызсудың түсі өзгеріп, сапасы нашарлайды. Сондықтан оны көбіне тұрмыстық мақсатта пайдаланады.
Гүлзат Қайратқызы, Сарқан қаласының тұрғыны:
- Балаларға қиын ғой. Асқазандарына, бауырларына. Кейде суды сатып аламыз балалар үшін. Алдында бір алған кезде кесенің ішінде бір құрт пайда болды.
Сарқанда сүт өнімдерін шығаратын жалғыз зауыт бар. Мекемедегілер де судың лайлануынан зардап шегіп отыр.
Анар Ахметқызы, өндіріс орнының технологі:
- Лай судың бәрі былғаныш, таза емес су. Соның бәрі бірінші бізге келеді. Өзімізде фильтрлер бар. Оның өзі көмектеспейді. Одан өтіп кетеді. Өндіріске қиын болып жатыр, шыны керек.
Қаладағы 18 мыңнан астам тұрғынға ауызсу Сарқан өзенінен беріліп отыр. 2010 жылы тіршілік нәрін жер астынан алу мақсатында ұңғыма қазылды. Содан бері аталған нысан пайдаланылмай тұр.
Рахат Әубәкіров, «Сарқан су құбыры» МКК директоры:
- Біз есептеп көргенбіз. 2020 жылы ол кезде электр тарифі арзан болған қазіргіге қарағанда. Сол кезде жылына 70 млн теңге тек қана электр энергияға шықты. Ақтамайтын болғаннан кейін ол қазіргі кезде жұмыс істемейді.
Қыста қала тұрғындары күніне 15 мың текше метр су тұтынады. Ал көктемнен күзге дейін қажеттілік үш есеге артады. Сол кезде ағын су тұнып үлгермейді, - дейді сала мамандары.
Думан Нөкербаев, Сарқан аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Ағымдағы жылы жоғарғы су торабына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жоспар бойынша өзен астындағы су құбырларын тереңдетіп көміп, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу – негізгі мақсат. Нәтижесінде Сарқан қаласында таза және үздіксіз ауызсумен қамту жоспарланып отыр.
Биыл Жетісу облысындағы сумен қамту нысанының 21-і жөнделеді. Екі елді мекен орталықтандырылған жүйеге қосылса, 19 ауылдағы ауызсудың сапасы жақсартылады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.