Президент жол саласы жайлы: Әзірге жағдай мәз емес
Қазақстанды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
СЕГІЗІНШІ. Еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін белсенді жұмыс істеу қажет. Қазақстанды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Осы міндетті іске асыру үшін Көлік министрлігі құрылды. Сондықтан министрлік осы саладағы өзекті мәселелер бойынша шұғыл және тиімді шешімдер қабылдауы керек. Нақты нәтиже күтемін, – деді Президент.
Биыл бірінші жартыжылдықта теміржол саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын қамтитын Бағдарламалық құжатты қабылдау қажет.
Мәселе аз емес. Атап айтқанда, вагондарды жаңарту жұмысын тездету керек. Контейнерлердің тапшылығын жою қажет. Магистралды желілерді кеңейтуге қатысты барлық жобаларды жүзеге асыру қажет (2028 жылға қарай 1,3 мың шақырым). Жалпы, теміржол саласын қарқынды түрде цифрландыру керек. Бұл қадам оның тиімділігі мен өнімділігін едәуір арттыруға, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді Тоқаев.
Келесі – автожол мәселесі. Еліміз үшін айрықша маңызды «Астана - Балқаш - Алматы» тас жолы әлі күнге дейін жөнделіп біткен жоқ.
Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар «Атырау - Астрахань», «Ақтөбе - Қандыағаш», «Талдықорған - Өскемен» жолдарының жөнделіп жатқанына 5 жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс. Бұл жерде бірнеше мәселені ескеру қажет. Қалыптасқан тәжірибеге қарасақ, республикалық маңызы бар жолдардың тендерін көп жағдайда тек шетел компаниялары ұтып алады. Мұндай жобаларға қолынан іс келетін, тиісті техникамен жабдықталған өз кәсіпорындарымызды тарту керек. Сонымен қатар, жол құрылысына қажетті техниканы елімізде шығару жолдарын дамытып, өзіміздің дайын өнімді пайдалану керек. Жалпы, жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес, – деді Мемлекет басшысы.