Таразда отандық дрондар сынақтан өтті

Елдің әуе қорғанысында отандық дрондар қолданылуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.

Ұшқышсыз апараттар Оңтүстік өңірлік қолбасшылығында сынақтан өтті.

Арнайы топ 10-ға жуық қазақстандық компанияның өнімін сарапқа салды.

Мынау дрон әуеде 10 сағатқа дейін қалықтап, басқару пультінен 80 шақырымға алыстап ұрыс жүргізе алады. Бұл басы ғана. Қажет болса, қашықтықты 200 шақырымға дейін жеткізуге әбден болады, - дейді өндірушілер.

Айбек Ахыш, өндіруші компания өкілі:

- Дронға орнатқан камерамыздың жұмысы өте тиімді. Функциясы көп. Нысан координатын бірден анықтайды. Лазерлік қашықтық өлшеуіші мен инфрақызыл сенсоры, тепловизоры бар. 360 градусқа бұрылатын камера арқылы жақындатып көруге болады.

Барлаушы дрондар мен шабуылдаушы ұшқышсыз құралдар Тараздағы әскери бөлім аумағында сыналды. Өз өнімін ұсынған инженер-программистер аппараттарының әлемдік стандарқа сай келетінін айтады. Бұған Қорғаныс министрлігінің әскерилерден құралған арнайы тобы көз жеткізді. 

Ержан Жақашев, ҚР Қарулы Күштері Бас штабы департаментінің офицері:

- Отандық өндірушілер ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды қысқа мерзімде жасап шығарды. «Жақсы» деген баға беріп отырмыз. Әрине, әлі де пысықтайтын мәселелер бар. Десек те бастамасы керемет. Бізге ұнаған әскерімізге қажетті құралдарды жетілдіру үшін өндіруші компаниялармен жұмыс жалғаса береді.

Сынақтың алғашқы кезеңінен соң өндірушілер құрылғыларын комиссияның талабына сай жетілдіруі – міндет. Отандық аппараттар наурыз айында екінші сынақтан өтіп, қайсысы өндіріске жіберілетіні белгілі болады.

 Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.