Қазақстандықтарға бетперде тағып жүру ұсынылды
Еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қоғамдық орындарда медициналық бетперде тағып жүруді ұсынды.
Қызылша, коронавирус, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алу шараларын күшейту мақсатында жаңа Қаулы күшіне енді. Өткен айдың соңғы аптасында елімізде 144 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Ал қызылша жұқтыру дерегі 8%-ке төмендегенімен, Ақтөбе және Атырау облыстарында жағдай әлі тұрақсыз. Тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекция бойынша да эпидахуал алаңдатып отыр.
Айжан Есмағамбетова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер:
- Масканы міндетті түрде кию керек емес. Бұл – біздің ұсынысымыз. Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайды айтып кетсек, қазір осы қаңтар мен желтоқсанды салыстырғанда сырқаттанушылардың өсімі 2,5 есеге дейін көрініп отыр. Екіншіден, айналымда жүрген штамм – омикрон. Ешқандай жаңа штамм жоқ. Жіті респираторлық, вирустық инфекциялардың өсуі байқалып отыр. Соңғы екі демалыста өсуі 70%-ті құрайды.