Жетісу облысындағы 9 ауылды су шайып кетуі мүмкін
Еліміздің бірқатар аймағында қарлы боран соғып жатса, Жетісу облысында күн күрт жылынып кетті, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгін ауа температурасы бір градусты көрсетіп тұр. Аймақта қар еріп жатыр. Өңірде су шайып кетуі мүмкін деген 31 елді мекен болса, былтыр соның 22-сінде қауіп деңгейі сейілді. Қалған 9 ауылды ТЖД қызметкерлері басты назарда ұстап отыр. Әсіресе Қаратал өзені бойындағы Тастөбе, Қаражиде ауылдарын жіті бақылауға алған. Сала мамандары биылғы оқу-жаттығуды сол маңда өткізді. Арыны қатты өзеннің орта ағысымен секундына 500 текше метр су өтіп жатыр. Бірлескен іс-әрекетті пысықтаған құрылымдар жағалаудың 250 метрін бекітіп, табанын тереңдетті.
Игорь Жуков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Көктемгі су тасқыны ақпанның соңынан сәуірдің ортасына дейін жалғасады. Оның қалай өтетіні ауа райына байланысты. Қазгидромет мәліметінше, таулы аймақтағы қардың қалыңдығы өткен жылмен салыстырғанда төмен. Жердің тоңы да 15 см аз. Су тасу кезеңі қалыпты жағдайда өту үшін өткен жылы тиісті жұмыс атқарылды. Енді тұрғындардан үй жанындағы арықтарды тазалауды сұраймыз.